
«Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында баға мәселесі жиі көтеріледі. Қоғам тарапынан Қазақстан азаматтары үшін арзанырақ, ал шетелдік туристер үшін қымбатырақ баға белгілеу деген әңгімелер де айтылған. Бұл идеяны қолдайтындар көбіне «әлеуметтік әділеттілік» пен жергілікті тұрғындарға басымдық беру уәжін алға тартады. Алайда тау-шаңғы курорты индустриясының экономикалық жағдайында бұл тиімсіз екенін мәлімдеді.
Shymbulak-тың коммуникациялар департаментінің мәліметінше, «Шымбұлақта» туристер саны жыл сайын артып келеді. Келушілердің басым бөлігі ішкі туристер. 2023–2024 маусымында курортқа шамамен 1,5 млн адам келген.
Жүктемені ішінара азайту үшін халықаралық тәжірибеге сай маусымдық тарифтер (low / regular / high), таңғы, күндізгі және түнгі сырғанау форматтары, бастаушыларға арналған арнайы тарифтер мен балаларға жеңілдіктер енгізілген. Low season кезеңінде сырғанау құны орта есеппен 30%-ға дейін төмендейді.
Департамент соңғы екі маусымды қоспағанда, бірнеше жыл бойы ски-пасс бағасы өзгермегенін алғак тартып отыр.
«Билет құны биік таулы инфрақұрылымды пайдалану, арқан жолдарын күтіп-ұстау, техниканы жаңарту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету шығындарына тікелей байланысты. Қазіргі тарифтік өзгерістер инфляцияның, ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі мен импорттық жабдықтың қымбаттауын толық өтей алмайды», – деп хабарлады департамент.
Тау-шаңғы курорты ;ергілікті тұрғындарды қолдау нысаналы шаралар арқылы жүзеге асырылады деп отыр.
«5 жасқа дейінгі балаларға, зейнеткерлерге және мүмкіндігі шектеулі жандарға кіру тегін. Ал жұмыс күндері көпбалалы отбасыларға, ардагерлерге және әлеуметтік осал топтарға жеңілдіктер қарастырылған. Былтыр осы санаттағы 190 мыңға жуық қонақ курорт қызметін пайдаланған», – деп түсіндіреді Shymbulak-тың коммуникациялар департаменті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Kursiv Media Қазақстан, Қырғызстан және Түркиядағы тау-шаңғы курортындағы бағаларды салыстырған еді.