
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Давос қаласына жұмыс сапарымен барады.
Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшысын АҚШ президенті Дональд Трамп шақырған. Осылайша 22 қаңтарда Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсіміне қатысады.
Бұған дейін «Бейбітшілік кеңесіне» қатысуға Трамп бірқатар елге шақырту жіберді. Ішінде Тоқаев, Ресей президенті Владимир Путин де бар.
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қасым-Жомарт Тоқаев әлем көшбасшыларының арасында алғашқылардың бірі болып Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіру, ал Қазақстанға құрылтайшылардың бір болу туралы ресми шақыру алғанын айтты.
«Тоқаев АҚШ Президентінің атына жауап хат жолдап, шынайы ризашылығын білдірді және аталған жаңа бірлестіктің құрамына кіруге келісетінін жеткізді. Президент Қазақстанның Таяу Шығыста мығым бейбітшілікке қол жеткізуге жан-жақты үлес қосуға, мемлекетаралық сенім мен жаһандық тұрақтылықты нығайтуға ұмтылатынын растады», – деді Желдібай.
Желдібайдың сөзінше, шақыру әлдеқайда ертерек келген. Бірақ Трамп әкімшілігі хабарлағанға дейін Ақорда мәлімдеме жасауды «әдепсіздік» деп есептеген.