
Тоқаев Қызылордада өткен Құрылтайда жүк тасымалдайтын мемлекеттік әуе компаниясының құрылуын қате шешім деген еді. Енді осыдан кейін «Самұрық-Қазына» қоры мен арнайы министрлік сараптама жүргізіп жатыр. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты.
«Жеті күн ішінде белгілі болады. Президент тапсырмасы бар, президент өзінің бағасын айтты. Осының аясында премьер-министр «Самұрық-Қазына» қоры мен Көлік министрлігіне өзінің шешімін айтуды тапсырды», – деді Нұрлан Сауранбаев.
Бұған дейін жиында Тоқаев елдің Еуразияның әуемен жүк тасымалдайтын орталығы бола алмай отырғанын «қателік» деп атаған.
«Үкіметке авиация саласында, соның ішінде әуемен жүк тасымалдау ісінде нақты нәтижеге жету міндеті жүктелді. Меніңше, еліміздің әлі күнге дейін Еуразияның әуемен жүк тасымалдайтын орталығы бола алмай отырғаны – кешірілмейтін қателік, қарапайым тілмен айтсақ, бұл – нағыз абсурд. Үкімет жүк тасымалдайтын мемлекеттік әуе компаниясын құру барысында қате шешім қабылдады», – деді ол Құрылтайда.
Компанияны құру міндетін «Қазақстан темір жолы» компаниясына жүктегенін сынға алып, үкімет орындауға қауқарсыз болса жеке құрылымдарға өткізсін деген еді.
Қазақстандағы жүк тасымалдайтын алғашқы әуе компания құрылатыны жайлы былтыр жазда хабарланған. Алғашқы жүк рейсі 2026 жылдың басында іске қосылуы керек еді.