
Жаркент мешіті, Вознесенск соборы және Қаратау жотасындағы петроглифтер ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуі мүмкін. Осы мақсатта тиісті жұмыстар атқарылатын болады. Бұл туралы үкімет отырысында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты.
«Мемлекет басшысы тапсырмасымен Жаркент мешіті мен Вознесенск соборын біріктіретін номинация, Қаратау жотасындағы петроглифтерді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылатын болады. ЮНЕСКО қағидаларына сай 2026-27 жылдары номинациялық құжаттама жасалып, одан кейінгі жылдары нақты шешім қабылданады», – деді министр.
Одан бөлек «Абайдың қара сөздері» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу үшін қажетті құжаттар сараптамалық бағалауға жолданған.
Құрылтайда Тоқаев айтқан «Ұлттық цифрлық мұра» жобасын жүзеге асыру үшін де жұмыс жүргізіледі. Оның аясында Қазақстанның барлық тарихи жәдігерлері мен ғылыми мұралары бір онлайн-платформаға жиналады.
Туды ерекше құрметтегендер ынталандырылады
Аида Балаева мемлекеттік рәміздерді қолдану, оның құндылығына да тоқтала кетті. Алдағы уақытта мәдениет министрлігі мемлекеттік рәміздерді кез келген адам мен мекеме қалай және қай жерде қолдануы керектігін нақтылап, ережесін бекітеді.
«Сондай-ақ, нормативтік актілерге қажетті өзгерістер енгізіліп, көрнекі нұсқаулықтар дайындалады», – деп атап өтті министр.
Тіпті мемлекеттік рәміздерге ерекше құрмет көрсеткен азаматтарды қосымша ынталандыратынын да айтты. Бірақ оның нақты тетіктері аталмады.
Құрылтайда президент мемлекеттік рәміздер жайлы заңға өзгеріс енгізілетінін айтқан еді.
«Қазір қоғамда Қазақстанның мемлекеттік туын қалай және қашан қолданамыз деген маңызды мәселе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерге жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс», – деді сөзінде президент.