Lifestyle

Жыл басында оқуға ұсынылатын 5 кітап

фото: shutterstock.com

Көпшілік қаңтардан бастап басқаша һәм жаңаша өмір бастауға бекінеді. Біреулер былтырғы шығыны мен табысын есептеп, жаңа жылға бюджет жоспарын жасайды. Енді бірі жаман әдеттен жиреніп, жақсы әдетке үйренбек болып мақсат қояды. Келесі бір топ жеке өмірі мен мансап жолын жөндеймін деп ниеттенеді. Сондықтан дәл осы қаңтар-ақпан айларында жұрт кітап дүкендеріне барып, өз мақсатына сай кітап таңдап алуға тырысады. Осы ретте Kursiv.Media тілшісі жыл басында оқуға ұсынылатын кітаптарды назарыңызға ұсынып отыр.

Неге жыл басында көбі кітап оқуға құмартады?

Психологтардың бұл сұраққа айтатын жауабы мынадай: бұл жерде жаңа старт яки бастама эффектісі бар деседі. Жылдың алғашқы айларында адамдар көбіне өз іс-әрекеттерін, әдеттерін дұрыс бағытқа бұруға тырысады, бұрын істеп көрмеген дүниелерге қызыға бастайды. Оған қоса дәл осы кезеңде мидың ақпаратты қабылдауы да, қорытуы да жеңіл болады екен. Сондықтан жыл басында оқылған әр кітап сізге интеллектуал іргетас ретінде берік қаланады. Басқаша ойлай бастайсыз да, соның арқасында жыл бойы белгілі бір шешімдерді қабылдағанда сол түйген ойыңызға сүйеніп отырасыз.

Джеймс Клир — «Атом әдеттер»

Кейінгі жылдары көпшіліктің сүйікті кітаптарының біріне айналған деп нық сеніммен айта аламыз. Клирдің бұл туындысын «Мазмұндама» қоғамдық қоры қазақшаға тәржімалап ұсынғанын атап өту керек. Мұнда адамның жетістікке жетуіне ерік-жігер емес, жүйе көбірек әсер етеді деген тұжырым жасалады. Осы бағытта жазылған көп кітаптан ерекшелігі – мұндағы ақпараттың бәрі мінез-құлық психологиясы мен нейроғылымға сүйене отырып берілген. Мысалы өміріңізді күніне 1 пайызға жақсы жаққа өзгертіп отырсаңыз, түбінде таудай нәтижеге қол жеткізесіз дейді. Оқып отырып, әдеттердің адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына қаншалықты әсер ететінін түсінесіз.

Чарлз Дахигг — «Әдет күші»

Әдеттеріңізді өзгерткіңіз келіп жүрсе, жыл басында оқуға ұсынатын келесі кітап осы. Мысалы, арықтағыңыз келеді делік. Олай болса, қалай тамақты азырақ ішуге әдеттенуге болады? Болмаса, қалай темекіні тастауға болады? Осы сынды өзіңіз бас тартқыңыз келетін әдеттерден арылудың жолын білесіз. Әрине, оп-оңай құтыла қоймасаңыз анық.

Бірақ автор әдеттің адам бойына қалай сіңетінін жақсы түсіндіреді. Неге сіз дәл солай істейтініңізді ойланасыз. Осылайша әлсіз тұстарды таба отырып, қай жерде не өзгерту керегін ұғасыз. Айталық, жай ғана таңертең тұрған бойда төсекті жинап тастайтын әдет қалыптастырсаңыз, ол өміріңізді мүлдем басқа арнаға бұрып жақсартады. Мұны білетін бе едіңіз? Көбі әдет десе, тек жағымсыз деп ойлайды. Ал негізі жақсы әдет сізді көп жерде құтқарады. Сондықтан сізге таразылау керек, ой қорыту керек. «Әдет күші» осы жағынан сізге жақсы көмектесе алады.

Роберт Маурер — «Өміріңді өзгертер қарыс қадам»

Кітапта айтылатын басты ой өте қарапайым: ми аяқ-асты болатын өзгерістерден қатты қорқады. Қанша жерден пайдалы болса да, үйреншікті дүниелерді жақсы көріп тұрады. Яғни біз бір ауқымды мақсат қойған кезде миымызда қорғаныш механизмі іске қосылады. Мысалы, «2026 жылдан бастап жаңа өмір бастаймын», «мансабымды мүлдем жаңа бағытқа өзгертемін», «30 келі тастап, арықтаймын» дегендей мақсаттар миымызға «қорқынышты» болып көрінеді. Содан ол осыны іске асырмас үшін барын салып қарсыласады. Прокрастинация, мазасыздық дегеннің бәріне бірден-бір себеп – осы. Ал енді Маурер мұндайда не істеу керек дейді: өзгергіңіз келсе, қарыс қадамдардан бастаңыз. Сонда ми оны қауіп ретінде көрмей, біртіндеп сіңіре бастайды.

Айталық, «күнде таңертең ерте тұрып, жүгіремін» демеңіз. Одан гөрі «таңымды кроссовка киюден бастаймын» дегендей ой дұрысырақ. Сол сияқты «кітап жазамын» деп кірісе алмай отырмас үшін «ноутбукты қосып, құжатты ашамын» деңіз. Осылайша бірте-бірте жақсы әдет қалыптаса бастағанын көресіз. «Өміріңді өзгертер қарыс қадам» кітабын Steppe and World баспасы қазақшаға аударды. 

Хал Элрод — «Таң шапағаты»

Элродтың бұл кітабы – нағыз бестселлердің бірі. Автордың түпкі ойы мынадай: жақсы өмір сүргісі келген адам таңғы уақытын дұрыс өткізуі керек. Өмір сапасына таңды қалай бастайтыныңыз тікелей әсер етеді дейді. Элродтың айтуынша, қазір адамдардың дені күнкөрістің қамымен, күйкі тірліктің соңында жүр. Яғни үнемі қапылады да жүреді, содан қажиды. Өзіне көңіл аударатын уақыты жоқ. Осының бәрі сізге де таныс болса, онда кітапты оқып, таңғы уақытты саналы өткізуге көшетін кез келді деген сөз.

Кітапта таңда жасалуы керек алты практикадан тұратын SAVERS тәсілі туралы жазылған. S – silence, (тыныштық). Таңда тұрған соң тыныс алу жаттығуын, медитация не дұға жасау керек. Осылайша стресс азаяды. A — Affirmations (аффирмация). Мақсаттарыңызды нақтылап, дауыстап айтыңыз. Автор аффирмацияның міндетті түрде белгілі бір әрекеттермен шегеленген, нақты болуы керек дейді. «Мен баймын» деген сынды сөздер аффирмация бола алмайды.  V — Visualization (визуализация). Өзіңіз жеткіңіз келетін нәтижені елестетіп, соған қалай қол жеткізетініңізді көз алдыңызға келтіріңіз. E — Exercise (қимыл-қозғалыс). Жеңіл-желпі жаттығу жасаңыз. Йоға ма, жүгіру ме, созылып жасайтын жаттығу ма – айырмашылығы жоқ. Бұл миыңызды іске қосып, қан айналымын жақсартуға көмектеседі. R — Reading (кітап оқу). Сүйікті кітабыңыздың бір-екі бетін оқып шығыңыз. Бұл жерде бет санында тұрған ештеңе жоқ. Бастысы, ондағы айтылған ойды қорыту. S — Scribing (хат жазу). Күнделік бастаңыз. Ішіне ойларыңызды, жоспарларыңызды, шүкіріңізді жаза бересіз. Күнде жазып дағдылансаңыз, бойдағы мазасыздық азаяды әрі ойыңызды нақтырақ жеткізіп үйренесіз. Бұл кітаптың да қазақша нұсқасын Steppe and World баспасы оқырман назарына ұсынған. Бұдан бөлек, автордың осы бағытта жазылған «Екеуге арналған таң шапағаты», «Таң шапағаты. Миллионер», «Студенттерге арналған таң шапағаты» сынды бөлімдерін де қазақша оқи аласыз. 

Гәри Джон Бишоп — «Бас қатырма, өмір сүр»

Түпнұсқадағы атауы – Unfu*k yourself. Кітапта айтылатын негізгі ой мынадай: адамның бір орында тұрып қалатыны ішкі шектеулерге емес, ішкі нарративтерге байланысты. Яғни «мен әзір дайын емеспін», «қазір мұны істейтін уақыт емес», «мен ондай адам емеспін» дегендей ойлар сізді басқаратынын меңзейді. Автор оқырманды осындай монологтардың сізді басқаруына жол бермеуге шақырады.

«Сенің ешкімнен еш жерің артық емес», «Мотивация іздеп әуре болмай, әрекетіңді жаса», «Сен ешқашан толық дайын болмайсың. Алдымен әрекет ет, сосын барып дайын боласың», «Әлденені бастау үшін соған жан-тәніңмен сенуге міндетті емессің», «Өзіңмен келісім жасасатын әдетіңді таста» дейді Бишоп. Бітпейтін прокрастинациядан шаршаған, «ұрсып» сөйлейтін авторлардан қорықпайтындарға арналған кітап. Ал енді жүрегі жұмсақ, қолдау күтетіндер Бишопқа «өкпелеп» қалуы мүмкін. «Мазмұндама» қоғамдық қоры қазақшаға аударған. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін рейтиңі жоғары қазақша фильмдер туралы жазған едік.