Жаңалықтар

Бензин бағасына қатысты мораторий ұзартылуы мүмкін – сарапшы

Фото: shutterstock

2026 жылдың көктемінде АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасына қатысты мораторий ұзартылуы мүмкін. Мұндай болжамды мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байдильдинов айтты.

Оның айтуынша, Қазақстанда АИ-92 мен АИ-95 бензиндерінің арасындағы баға айырмашылығы шамамен 25–30% құрайды. Сарапшы бұл өте жоғары көрсеткіш екенін айтады. Мысалы, Ресейде бұл айырмашылық 10%-дан аспайды, ал Біріккен Араб Әмірліктерінде небәрі 3%.

«Мораторийді тағы да ұзартуы мүмкін деген күдік бар. Ал егер бағаны қатырып ұстауды жалғастырмаса, онда оны бірден емес, ай сайын 2–5 теңгеден кезең-кезеңімен көтереді. Дегенмен, жалпы инфляция жағдайында жанармай бағасы ұзақ уақыт өзгеріссіз тұра алмайды», – деді Олжас Байдильдинов AutoReport редакциясына берген сұхбатында.

Сарапшының айтуынша, жалпы инфляция деңгейі де бензиннің түпкілікті бағасына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі енгізіледі, оның аясында қосылған құн салығы (ҚҚС) 16%-ға дейін өседі, бұл да жанармай бағасына қосымша салмақ түсіреді.

Сондықтан сарапшының пікірінше, Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин бағасының өсуі қай жағынан алғанда да болады.

«Қазір бізде АИ-92 бензинінің бағасы шамамен 40 цент. Бұл оның 2000 жылдардың басындағы бағасымен шамалас деңгейі. Ал нарық талаптарына сай баға шамамен 60 цент болуы керек. Яғни, доллар бағамы 520–540 теңге болған жағдайда, АИ-92 бензинінің бір литрі 300–320 теңге шамасында болуы тиіс», – деп есептейді ол.

Жанармай тапшылығы мәселесіне келсек, 2025 жыл Қазақстан үшін бұл тұрғыда сәтті өтті. Бұған бензин мен дизель бағасының көршілес елдердегі бағамен теңестірілуі, шекарадағы бақылаудың күшеюі, сондай-ақ жетіспейтін көлемді толықтыру үшін аз мөлшерде импорттың жүзеге асырылуы себеп болды.

Сонымен қатар, Олжас Байдильдинов Қазақстанда жанармай тапшылығы отандық мұнай өңдеу зауыттарында төтенше жағдайлар туындаған жағдайда орын алуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай жағдайдың туындау ықтималдығы жеткілікті жоғары.

Ал сарапшы Олег Червинский 2027 жылы жанар-жағармай бағасы күрт қымбаттауы мүмкін деген болжам айтады. Сарапшының жазуынша, оған сол жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы туралы келісімнің күшіне енуі себеп болмақ.