«Бұл дәстүр емес, қылмыс»: депутат Нұрай ісінен кейін қыз алып қашуды қайта көтерді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Депутат қыз алып қашуға қарсы профилактикалық шараларды күшейтуді ұсынды / Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты пікір білдіріп, қыз алып қашу мәселесінің қоғамдағы өзектілігіне тоқталды. Депутаттың айтуынша, бұл оқиға – зорлықпен қыз алып қашудың қаншалықты қауіпті әрі қылмыстық салдары бар екенін тағы бір мәрте көрсеткен.

Абзал Құспанның сөзінше, қыз алып қашу әрекетін қалай болғанда да ақтап алуға болмайды.

«Қыз алып қашу – сөзсіз қылмыс. Егер екеуара келісіммен, кәмелет жасына толған азаматтар арасында болса, ол қылмыс емес. Ал зорлықпен жасалған әрекеттің барлығы – қылмыс. Қызды былай қойыңыз, ер адамды ұстап алып, мәжбүрлі түрде бір нүктеден екінші нүктеге апарсаңыз, сіз «Адам ұрлау» деген баппен сотталасыз. Ал неге қызды ұрлаған кезде ол қылмыс болмауы керек?», – деді ол Мәжіліс кулуарында.

Депутат бұл мәселені бұған дейін де көтергенін айтып, негізгі шешім ретінде профилактикалық шараларды күшейтуді ұсынды.

«Менің бір ғана ұсынысым бар – профилактикалық іс-шараларды көбірек жүргізу. 2025 жылдың маусым айында Үкіметке хат жолдап, заңды түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін нақты көрсеттім. Себебі жәбірленушілер де, олардың туыстары да мұндай әрекеттерді дәстүр ретінде қабылдап жатады»,деді Абзал Құспан.

Оның айтуынша, бұл мәселе, әсіресе, оңтүстік өңірлерде өзекті. Алайда осы заңдарды азаматтарға түсіндіріп беру үшін депутаттарды Қызылорда облысы ғана шақырған.

«Бізді оңтүстік аймақтардан тек Қызылорда облысы ғана шақырды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өзі хабарласып, халыққа заңды түсіндіріп беруді сұрады. Ал өзге өңірлер бұл мәселеге селт етпеді», – деді депутат.

Абзал Құспан марқұм Нұрай Серікбайдың жағдайына да арнайы тоқталды. Оның айтуынша, жәбірленушілердің көпшілігі өз құқықтарын толық білмейді.

«Нұрай өзіне қатысты жағдайда құқықтық мүмкіндіктерді толық түсінбеген. Егер сталкингке немесе Қылмыстық кодекстің 125-бабы бойынша нормалар дұрыс түсіндіріліп, уақытында қолданылғанда, жағдай басқаша өрбуі мүмкін еді. Заңды білу – азаматтың емес, оны дұрыс қолдану – құқық қорғау органдарының міндеті», – деді ол.

Депутаттың айтуынша, сталкинг пен қыз алып қашуды қылмыстандыру ауыр қылмыстардың алдын алу үшін енгізілген. Бұл нормалар былтыр күшіне енгенімен, оларды қолдану тәжірибесінде әлі де жүйелі мәселелер бар.

11 қаңтар күні кешке Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы аяусыз пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кетті. Бірақ арада екі күн өткенде ұсталды. 21 жасында бақиға аттанған бойжеткеннің жақындары әділдік іздейді

Сондай-ақ оқыңыз