Жаңалықтар

АҚШ елшісі Джули Стаффт алғашқы үндеуін қазақ тілінде бастады (видео)

Джули Стаффт АҚШ-тың Қазақстандағы жаңа елшісі
фото: Ақорда

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт алғашқы үндеуін қазақ тілінде бастап, көпшіліктің көңілінен шықты. Бейнеүндеу америкалық елшіліктің әлеуметтік желідегі парағында жарияланды.

Елші қазақша сөйледі

«Құрметті достар, әріптестер және қазақстандықтар. Менің атым – Джули Стаффт. Мен үшін АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі ретінде қызмет ету үлкен мәртебе», – деді қазақ тілінде елші.

Әрі қарай дипломат ағылшын тілінде жалғастырды, бірақ Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған видеода қазақша субтитр берілді.

«Америка дипломаты ретінде мен Молдова, Джибути, Эфиопия, Ресей және Польшада, сонымен бірге АҚШ Мемлекеттік департаментінде және Ақ үйде қызмет еттім», – деп баяндады америкалық елші.

Ол Қазақстан мен АҚШ қарым-қатынасын дамытып қана қоймай, отбасымен бірге елді тереңірек білуге ынтық.

«Отбасыммен бірге Қазақстанның тыныс-тіршілігімен, мәдениетімен және қонақжайлығымен танысатынымызға қуаныштымыз», – дейді ол.

Елші кең байтақ қазақ даласы мен асқар таулары, өзен-көлдері үйлесіп жатқан Қазақстанның сұлу табиғатын тануға құштар. Сонымен бірге Стаффт ханым қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерін білгісі келеді.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі
АҚШ елшілігінің Instagram парағынан алынған скриншот

Қазақтар дән риза

Жергілікті халық америкалық елшінің үндеуіне тәнті болып, ризашылығын білдіріп жатыр.

«Қазақшасы қандай анық. Кейбір елшіліктер үшін таптырмас үлгі»;

«Жүзіңіз ашық-жарқын екен. Қазақ еліне қош келдіңіз, елші ханым».

«Ісіңізге сәттілік тілейміз. Құдай жарылғасын», – деп жазды қазақтар.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 9 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық елші Джули Стаффтқа сенім грамотасын тапсырған. Ал 2025 жылғы қазанда Қазақстанның АҚШ-тағы жаңа елшісі тағайындалған. Ақорда бұл қызметті Мағжан Ілиясовқа жүктеген.