
Танымал блогер Елдос Колобок (Қадірханов) баласының бесік тойын ерекше форматта атап өтті. Қуанышты сәттен видеоларды өзінің Instagram парақшасында бөлісті.
Той барысында Елдос әнші Серік Ибрагимовпен бірге Ғазизхан Шекербековтің «Ұлыма ақыл» әнін орындады. Блогер бұл күннің өзі үшін айрықша мәні барын айтып, жүрекжарды жазба қалдырды.
«Осы күнді 10 жыл күттім! Аллаға шүкір, осы күнге жеттік! Баршаңызға мың алғыс! Құттықтауларыңызға рахмет», – деп жазды ол.
Елдос пен жұбайы Таңшолпан сәбилеріне Әлем деген есім берген. Айта кетерлігі, дәл осы лақап атпен танылған әнші, 91 тобының мүшесі Alem (Батыр Мәліков) тойда ән шырқады. «Әлемнің тойында Әлем ән айтты» деген сәт көпшіліктің көңілін елжіретті.
Бесік тойдың тағы бір ерекшелігі тойбастардың ерекше үлестірілуі болды. «Әр шаңыраққа сәби сүю бақыты бұйырсын» деген ниетпен даяшылар әр үстелге тойбастарды балалар арбасына салып алып шыққан.
Блогер бұл идеяның бұрыннан арманы болғанын да жасырмады.
«Осы тойды армандағанымда, тойымда тойбастарды дәл осылай шығарамын деп қиялдайтынмын. Аллаға шүкір, арманыма жеттім. Осы видеоны көріп отырған баршаңызға той жұғысты болсын», – деп жазды Елдос.
Еске сала кетейік, Елдос Қадірханов пен жұбайы Таңшолпан сәбилерін 10 жыл күткен. Сондықтан бұл бесік той блогер үшін ғана емес, көпшілік үшін де әсерлі әрі мәнді оқиғаға айналды.