
21 қаңтар 2025 жылы Астананың Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Бельгия азаматтары С., Д., Н. қатысты іс түсті. Оларға қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін (Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы, 1-бөлімі) іс қозғалды.
Сот отырысында шетелдік азаматтар кінәсын мойындап, әрекетін эмоцияға берілу салдары деп түсіндірді. Әкімшілік құқық бұзушылық фактісін видеожазбалар растады.
ҚР ӘҚБК 434-бабының 1-бөліміне сәйкес, бұзақылық үшін 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу немесе 5-тен 15 күнге дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған.
Астананың Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот шешімімен С., Д., Н. кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Еске сала кетейік, 20 қаңтар күні «Астана Арена» стадионында бельгиялық жанкүйерлер мас күйде «Борат» филміндегі купальникті киіп, айқайлап елді мазақ қылған еді.