Жаңалықтар

«Челсидің» бұрынғы ойыншысы Виктор Мозес «Қайсарға» ауысуы мүмкін

Виктор Мозес, Челси, Кайсар, КПЛ, Moses, Chelsea
фото: X/@ChelseaFC

Англия Премьер-лигасының чемпионы әрі УЕФА Еуропа лигасының жеңімпазы атанған «Челси» клубының экс-футболисі Виктор Мозес мансабын Қызылорданың «Қайсар» клубында жалғастыруы мүмкін. Бұл туралы AmanVIBE Telegram-арнасы хабарлады.

Дереккөз мәліметінше, 35 жастағы нигериялық ойыншы қызылордалық ұжыммен бір жылдық келісімшартқа қол қояды. Виктор Мозесті «Қайсар» ойыншысы ретінде 24 қаңтарда ресми түрде таныстыру жоспарланған.

Мозес кәсіби мансабын «Кристал Пэлас» клубында бастағанымен, ең жарқын кезеңі «Челсиде» өтті. Лондондық команда сапында Англия чемпионатын (2017) және Англия кубогын (2018) жеңіп алды. Сондай-ақ 2013 жылы нигериялық жартылай қорғаушы УЕФА Еуропа лигасының жеңімпазы атанды.

Әр жылдары Виктор Мозес «Ливерпуль», «Вест Хэм», «Фенербахче», «Интер» және «Спартак» клубтарының намысын қорғады. Мәскеулік клубпен бірге 2022 жыл Ресей кубогын жеңіп алған.

Клубтық мансабында Мозес барлығы 495 матчқа қатысып, 62 гол соғып, 47 нәтижелі пас берген.

Нигерия ұлттық құрамасындағы дебютін 2012 жылдың ақпанында өткізді. Виктор Мозес Африка ұлттар кубогының (2013) иегері. Құрама сапында 38 ойын өткізіп, 17 (12 гол + 5 пас) нәтижелі әрекет жасаған.