Жаңалықтар

Елде студенттердің шәкіртақысы тағы өсе ме

Жекеменшік ЖОО-лар оқу ақысын өздері белгілейді/фото: shutterstock

Елде студенттердің шәкіртақысы инфляцияға байланысты индексацияланбайды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова айтты.

Сөзінше, шәкіртақы айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланбаған және бағаның қымбаттауына қарай автоматты түрде көбеймейді.

«Қазақстан заңнамасында стипендияны индексациялау қарастырылмаған», – деді Жарасова.

Айта кетейік, елде шәкіртақы 2020 жылдан бері екі есе артқан. Биылғы оқу жылында студенттер өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға көп алады.

Қазіргі шәкіртақы мөлшері:

  • бакалавриат – 52 мың теңгеден астам;
  • медицина және педагогикалық мамандықта – 84 мың теңге;
  • магистратура – 117 мың теңгеден астам;
  • докторантура – 262,5 мың теңге.

Сондай-ақ министрлік мамандары оқу ақысына қатысты да сұраққа жауап берді. Соған сәйкес, жекеменшік жоғары оқу орындары оқу ақысының мөлшерін өздері бекітеді. Министрлік тарифті белгілемейді, алайда уәкілетті орган ретінде жыл сайын жоғары оқу орындарына оқу ақысын өсірмеуге қатысты ұсыныс енгізеді.