Жаңалықтар

Филолог «құрылтай» сөзі моңғол тілінен енген деген тұжырымға жауап берді

Дәстүрлі қазақ қоғамында құрылтай кеңестің бірнеше түрі болған/фото: Ақорда

Елдегі жаңа парламент «Құрылтай» деп аталатын болды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Содан кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты маманы Қайрат Ғабитханұлы «құрылтай» сөзінің шығу тегіне талдау жасаған.

Сөзінше, «құрылтай» сөзі моңғол тілінен келген деген пікір бар, алайда бұл қате тұжырым.

«Құрылтай сөзінің этимологиясы түркі тілінен тарайды. Сөздің негізгі түбірі –  құр. Бұл етістік көне және қазіргі түркі тілдерінде: жинау, біріктіру, ұйымдастыру, орнату, құрау деген мағыналарды білдіреді.

Сөзжасамдық құрамы: құр- + -ыл- + -тай.

-ыл – ортақ, өзара жүзеге асатын әрекетті білдіретін етістік жұрнақ;

-тай – көне түркі тілдерінде: жиын, кеңес, салтанат, (қазіргі тілімізде той) ортақ іс-шара атауын жасайтын өнімді жұрнақ.

Осылайша құрылтай бірігіп құрылатын, жиналып ұйымдастырылатын ортақ кеңес, жиын деген ұғымды білдіреді», – дейді филолог.

Құрылтай – түркі тілінде морфологиялық тұрғыдан толық талданатын төл тұлға, ал моңғолша хуралтай – сол ортақ ұғымның моңғол тілдік жүйеге бейімделген нұсқасы.

Ал дәстүрлі қазақ қоғамында құрылтай кеңестің бірнеше түрі болған.

Ұлы құрылтай – ел тағдырына қатысты ең жоғары деңгейде өткізілетін жалпы халықтық кеңес. Мұндай құрылтайға хан-сұлтандар, ру-тайпа басшылары, батырлар, билер мен ақылман қариялар қатысқан. Ұлы құрылтайда хан сайлау, соғыс пен бітім мәселесі, елдің көші-қоны, жер дауы, заң-тәртіпке қатысты түйінді шешімдер қаралған.

Тағанақ кеңес – белгілі бір мәселені шешу үшін жиналатын шағын, бірақ салмақты ақылдасу жиыны. «Тағанақ» сөзі қазан тірейтін үштағанды білдіреді. Қазақ танымында тағанақ – тұрақтылық пен теңдіктің белгісі. Осыған сәйкес тағанақ кеңес: аз адам қатысатын, бір-біріне тірек болатын, сенімді, байсалды шешім қабылдайтын ақсақалдар мен беделді тұлғалар кеңесі болған.

Тұрымтай кеңес – шұғыл жағдайда өткізілетін, өте шағын құрамдағы жедел кеңес. Тұрымтай – шағын, бірақ алғыр әрі шапшаң қыран құс. Осы бейнеге сай тұрымтай кеңес: күтпеген қауіп төнгенде, жедел шешім қажет болғанда, уақыт тығыз шақта өткізілген. Мұндай кеңеске көбіне ханның ең сенімді адамдары – батырлар, қолбасшылар, тәжірибелі кеңесшілер қатысқан. Құрылтайдың Шыңғыс хан дәуірінде кең танылғаны рас. Бірақ белгілі бір кезеңде кең таралған ұғымды сол дәуірде ғана пайда болды деу – қате.

Сөзінше, көптеген көне атау бір уақытта ғана тарих сахнасына шығып, кейін бүкіл кеңістікке жайылады. Бұл олардың сол кезде туғанын емес, сол кезде мойындалғанын көрсетеді. Қазақ дәстүріндегі «тағанақ кеңес», «тұрымтай кеңес» сияқты атаулар да құрылтай ұғымының ішкі дамуын дәлелдейді.