
Ғылым және жоғары білім министрлігі қазақ тілін үйренуге арналған компьютерлік ойынды әзірлеуге 241,8 миллион теңге жұмсаған.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов танымал ойын қазақ тілінің беделін арттыру үшін қажет екенін айтты.
«Steppe Rider компьютерлік ойынын әзірледік. Бұл – тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы аясында жасалған алғашқы тіл үйренуге болатын отандық ойын. Ойын қазақ тілін А1 және А2 деңгейінде үйренуге арналған құрал ретінде әзірленді.
Бұл халықаралық жоба, мұндай ойынның нарықтағы құны бір платформа үшін 1 мыңнан 300 мың АҚШ долларына дейін барады. Ал біздің ойын үш платформадан тұрады. Сол арқылы қазақ тілін ойын форматында үйренуге болады. 2026 жылы ойын жаңартылады», – дейді Ербол Тілешов.
Мемлекеттік сатып алу сайтындағы лотта ойынның құны 241,8 млн теңге деп көрсетілген. Сипаттамасында «мемлекеттік тілді оқытуға бағытталған балаларға арналған компьютерлік ойынды әзірлеу» деп жазылған.
Бұған дейін Тіл саясаты комитеті тіл үйренуге арналған Steppe Games ойыны туралы ақпарат жариялады.
«Ойынның ерекшелігін айқындайтын басты қыры – тарих пен этнография, мәдени ортаға терең бойлау, ұлттық ойындар және географиялық таным.
Сонымен қатар диалогтар, сюжеттік желілер мен кейіпкерлер қазақ тілін жеңіл әрі қызықты үйренуге мүмкіндік береді. Steppe Games 6 жастан асқан, тілді меңгеру деңгейі әртүрлі балаларға арналған», – делінген ақпаратта.
Ойынды Google Play және Apple App Store платформаларынан жүктеуге болады.