
Integra Construction KZ компаниясының иесі, ERG-дің 40% акциясын сатып алмақ ойы бар Шахмұрат Мүтәліп Астана халықаралық қаржы орталығында бірден екі басқарушы компанияны тіркеді. Оған ең бірінші «Нацбанка» телеграм-арнасы назар аударған.
Олар: KazZinc Group Ltd және Central Asia Resources Holding Ltd. Қос компанияның да жарғылық капиталы 100 мың долларға тең. Екеуінің де акционері – Шахмұрат Мүтәліп. Компаниялардың қызмет бағыты ретінде мыс өндіру және байыту, қорғасын мен мырыш өндіру және байыту көрсетілген.
2025 жылы кәсіпкер швейцариялық шикізат трейдері Glencore-мен бірлесіп Қазақстандағы ең ірі алтын өндіруші «Қазмырыш»компаниясының 70% үлесін сатып алу жөніндегі келіссөз жүргізіп жатқаны жайлы ақпарат тараған. Бұл туралы желтоқсан айының соңында Bloomberg басылымы жазған болатын.
«Қазмырыштың» негізгі қожайыны – швейцариялық Glencore International корпорациясы. Ол компания акцияларының шамамен 70%-ына ие. Ал «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясының үлесі – шамамен 30%.
ERG-дің 40 пайыз үлесі
Сонымен қатар Financial Times басылымы Шахмұрат Мүтәліптің Машкевич пен Шодиев әулеттерінен Қазақстандағы ең ірі тау-кен металлургиялық холдинг – ERG-дің 40% акциясын сатып алу мүмкіндігін де қарастырып жатқанын хабарлаған. Келісім сомасы 1,4 млрд долларды құрауы ықтимал.
Алайда ERG тобының баспасөз қызметі Kursiv.Media-ға жолдаған жауабында ақпаратты растамады, бірақ теріске де шығармады. Тек компания өз акционерлері деңгейіндегі кез келген талқылауларға қатысты пікір білдірмейтінін атап өтті.
Сарапшы Нұрлан Жұмағұлов ERG-дің жеке инвесторларға тиесілі акцияларын емес, мемлекет иеленетін 40 пайыз үлесін 1,4 млрд долларға сатқан әлдеқайда ұтымды шешім болар еді деген пікірде.
ERG – Қазақстандағы ғана емес, әлемдік деңгейдегі ең ірі тау-кен металлургия холдингтерінің бірі. Компания Люксембургте тіркелген, ал өндірістік қызметі төрт құрлыққа таралған. Компания акцияларының 40%-ы Қазақстан Үкіметіне тиесілі. Қалған үлестің 20,7%-ы Ибрагимовтер отбасы, сондай көлемдегі акция марқұм Александр Машкевичтің мұрагерлерінің иелігінде. Патох Шодиев 18,6%-ын иеленеді.