Күйші Секен Тұрысбеков мемлекеттік филармонияны басқарады

Абай облысындағы Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның директоры болып Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбеков тағайындалды.
Секен Тұрысбеков 1961 жылы Абай облысы Үржар ауданында дүниеге келген. Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыка училищесін, кейін Құрманғазы атындағы консерваторияны профессор М.Әубәкіровтің класында тәмамдаған.
Еңбек өтілі – 40 жыл. Ол – «Жігер» фестивалінің және Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінің лауреаты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрмет және Парасат ордендерінің иегері. Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Еңбек жолын «Сазген» ансамблінен бастап, «Ақ жауын» ансамблі мен оркестрін құрып, оны халықаралық деңгейге көтерді.
Осы уақытқа дейін Секен Тұрысбеков Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының «Ақ жауын» халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарып келді.