Нұрайдың өлімі: полицейлердің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Сенат кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Әділовтің сөзінше, іс құқық қорғау органдарының бірқатар қызметкері қызметтен босатылған күні тіркелген.
«Сол күні министрлік тәртіптік комиссия аясында Шымкент қалалық полиция департаменті басшысын, оның орынбасарын, қалалық полиция басқармасы жетекшісін қызметтерінен босатты. Сондай-ақ жәбірленушінің арызы бойынша қылмыстық іс қозғауға шара қолданбай, материалды номенклатуралық іске тіркеп қойған лауазымды тұлғаларды жұмыстан шығару туралы шешім қабылдады», – деді ол.
ІІМ айтуынша, сол күні ішкі қауіпсіздік департаменті қызметкерлері Шымкент қаласына іссапармен барып, салғырттық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Мұның алдында Нұрай Серікбайдың қазасынан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылғаны жайлы жазған едік.
Айта кетейік, 11 қаңтар күні кешке Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы аяусыз пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кетті. Бірақ арада екі күн өткенде ұсталды.
Күдікті 2025 жылдың қазанында Нұрайды еркінен тыс алып қашқан, оған қыз да, отбасы да көнбеген. Осы жайт бойынша полицияға арызданған, бірақ күдікті енді маңына жоламайтынына уәде берген соң, Нұрай Серікбай оған кешірім берген.
ІІМ кісі өлтіру дерегі бойынша тергеуді бақылауға алды. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.