
22 қаңтарда Астана уақытымен сағат 12:03-те Қытайдың Шыңжаң өлкесінде жер сілкінді. Бұл туралы Kursiv.Media Қазақ ұлттық деректер орталығы мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Қазақстандағы сейсмикалық станциялар тіркеген мәліметтерге қарағанда, жерасты дүмпуінің магнитудасы 4.3 балл болған. Жер сілкінісі Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінің аумағында болған.

Ұлттық орталық дүмпу ошағы орналасқан жердің координаттарын жариялады. Ол қазақ-қытай шекарасына шамамен 140-160 км, Алматы қаласына шамамен 270-280 км жерде орналасқан.
Естеріңізге сала кетейік, дәл осы маңда 2025 жылғы 4 желтоқсанда жер сілкініп, оның тербелісін Алматы қаласының тұрғындары да сезген. Сол күні мегаполисте дабыл қағылып, қала халқы сыртқа шыққан.
Бұл уақытта Қазақстанда сейсмикалық қауіпсіздік талаптары күшейтіліп жатыр. Республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Оған Алматы қаласы, сонымен бірге Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстары да кіреді. Маңғыстау өңірінде де сейсмикалық белсенділік жиі байқалады