Қазақстан Франциямен заңсыз мигранттарды қайтару тетігін бекітті

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Алдағы жылдары жергілікті тұрғындар мен мигранттар арасында әлеуметтік шиеленіс туындауы мүмкін
Фото: kursiv.media мұрағаты

Сенат Қазақстан мен Франция арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялады.

Келісімнің негізгі міндеті – көші-қон процестерін басқару және заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы Қазақстан мен Франция мемлекеттері арасындағы екіжақты ынтымақтастық үшін құқықтық негіз жасау.

Екі ел осы құжатты ратификациялау арқылы заңсыз келген, онда болған немесе тұратын адамдарды қайтарудың тиімді тетігін қамтамасыз ету, көші-қон режимдерін теріс пайдаланудың алдын алуды көздейді.

Келісімге Мемлекет басшысының Француз Республикасына ресми сапары барысында 2024 жылғы 5 қарашада қол қойылған.

«Тікелей өзара іс-қимыл жасайтын құзыретті органдар ретінде Қазақстан мен Франция тараптарынан олардың Ішкі істер министрліктері белгіленеді. Құжатты ратификациялау заңсыз көші-қонға қарсы күресте тиімділікті арттыруға және екі елдің аумағында болған азаматтарды оларға әкімшілік санкциялар қолданбай қайтаруды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді депутат.

Жалпы отырыс барысында Қазақстан реадмиссиялау туралы келісімдерді жиырмаға жуық елмен жасағаны мәлім болды. Олардың қатарында Өзбекстан, Ресей, Германия, Швейцария, Польша, Чехия және тағы басқа мемлекеттер бар.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда еңбек мигранттарына қатысты салық төлеудің жаңа тәртібі енгізілгенін жазған едік. 

Сондай-ақ оқыңыз