
Қызылорда облысынан Жамбыл облысына оқу-жаттығу жиынына барған 22 бала ауруханаға түсті.
Облыстың білім басқармасының хабарлауынша, Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасына «Тұран» демалыс орнынан 12-17 жас аралығындағы 22 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілген. Олар Қызылорда облысынан күрестен оқу-жаттығу жиынына барған. Балаларға этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит деген алдын ала диагноз қойылды.
Бұл жағдай 21 қаңтар кешкі сағат 22:40 шамасында болған.
«Аурудың себебін анықтау мақсатында науқастардан және тағам өнімдерінен зертханалық сараптамалар алынған. Әлі қорытындысы шыққан жоқ. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр», – делінген ақпаратта.
Меркі аудандық полиция бөлімі болған оқиғаны тіркеді. Құзырлы органның тексеру қорытындысы негізінде тиісті процестік шешім қабылданады.
Балалар медициналық бақылауға алынған. Ауруханаға жүгінген науқастардың жағдайы қалыпты, дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Айта кетейік, «Тұран» демалыс орнында 103 жас спортшы мен 13 жаттықтырушы болған.
2025 жылдың қарашасында Байзақ ауданында дүкенде сатылатын тамақты жегеннен кейін 12 оқушы уланып, ауруханаға түскен. Жоспардан тыс тексеру барысында дүкендегі тамақтан ішек таяқшалары тобының бактериялары анықталған.