
Ақмола облысы Щучинск қаласында 22 қаңтарға қараған түні Институт және Конный двор шағын аудандарының тұрғындары жылусыз қалды.
Бұған №20 қазандықтың істен шыққаны себеп болған. Бурабай ауданы әкімдігінің хабарлауынша, жылу магистралінде жүргізілген апаттық-қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Жылу беріліп жатыр.
«Жылумен толық қамтамасыз ету үшін мамандар көпқабатты үйлер мен жеке сектордағы жүйеден ауаны шығару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үйлерге жылу беру кезең-кезеңімен қалпына келтіріледі», – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Щучинскіде түнде -27 градус суық болған. Қазір қалада ауа райы -24 градусты көрсетіп тұр.
Бұған дейін Қарағанды облысы Теміртау қаласында жүздеген адам жылусыз қалды.