Шығыс Қазақстанда кәсіпкер «геобарлау» желеуімен заңсыз қазбадан 1 млрд теңге тапқан

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: shutterstok

Қаржы мониторингі агенттігі Шығыс Қазақстанда геологиялық барлау жүргіземін деп, пайдалы қазбаны заңсыз игерген кәсіпкерлерді тергеп бітті.

ҚМА мәліметінше, Шемонаиха ауданында орналасқан «Глинковское» кен орнында ЖШС басшысы пайдалы қатты қазбаларды заңсыз өндіріп, өткізіп келген. Компанияның лицензиясы тек геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге ғана құқық берген. Алайда пайдалы қазбаларды өнеркәсіптік көлемде өндіруге рұқсат болмаған.

«Соған қарамастан, іс жүзінде темір құрамды тау жынысын өндіру, оны қайта өңдеу, жинақтау және ішкі нарықта, сондай-ақ Қытайға өткізіп келген. Ауыр арнайы техниканы қолдану қоршаған ортаға теріс әсер етіп, жер бедерінің табиғи қалпының бұзылуына және жердің тозуына әкеп соққан. Заңсыз өндірілген өнімнің жалпы көлемі 70 мың тоннадан асқан. Алынған қылмыстық табыс сомасы 1 млрд теңгеден асқан», – делінген хабарламада.

Аталған қаражатқа күдіктілер жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алған. Атап айтқанда, бизнес-орталық, Алматы қаласынан пәтер, қымбат автокөлік, екі автотұрақ орны және екі жер телімі бар. Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.

Департамент Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы аумағындағы «Шыбынды» және Самар ауданының «Кенкарын» учаскелерінде ауыр арнайы техника мен өнеркәсіптік жабдықтарды пайдалана отырып, алтынды заңсыз өндірумен айналысқан екі қылмыстық топтың қызметін тоқтатқанын да еске салады.

Аталған заңсыз әрекеттер орман алқаптарының кесілуіне, өзен арналарының өзгеруіне және топырақтың құнарлы қабатының жойылуына әкеліп, экологияға елеулі зиян келтіріп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз