Жаңалықтар

Алматы-1 вокзалының құрылыс қарқыны мен сапасы талапқа сай емес – ҚТЖ

Алматы - 1 теміржол вокзал
фото: ҚТЖ

Бірінші Алматы теміржол вокзалы құрылысының қарқыны мен сапасы талапқа сай емес. Мердігер жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған. «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов нысанды тексеріп, құрылыс жұмысын осылай бағалаған.

«Тексеру қорытындысы бойынша Талғат Алдыбергенов жөндеу және құрылыс іс-шараларын жүргізуге жауапты мердігер ұйымдар тарапынан жұмыстардың нашар ұйымдастырылғанын атап өтті. Жұмыстың ағымдағы қарқыны мен сапасы белгіленген талаптар мен мерзімдерге сәйкес келмейтіні алға тартылды», – деп таратты ҚТЖ.

Алматы – 1 вокзалындағы құрылыс бар болғаны 5%-ға орындалғаны 2025 жылы үкімет отырысында сөз болған. Сол кезде премьер-министр Олжас Бектенов «құрылыс барысын бақылауды босаңсытып алған» әкімдіктерді сынаған. Артынша Алматы қаласының басшысы Дархан Сатыбалды вокзалға барған.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы тамызда Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдары «Қазақстан темір жолына» жөндеуге берілген. Ұлттық компания маңызды нысан құрылысын мердігерге сеніп тапсырған. ҚТЖ-ның ресми мәліметтерінде бас мердігердің аты аталмайды.