
Бір қанаты сынып, қамыс арасында қалып қойған аққуға құтқарушылар көмек көрсетті. Бұл туралы Kursiv.Media Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Жалғыз аққу Жетісу облысы Алакөл ауданындағы Ақши ауылы маңында табылды. Құтқарушылар Алакөлді тексеріп жүрген уақытта қамыс арасынан жаралы аққуды байқайды. Олар қиын жағдайға тап болған қанаттыны құтқарды.
Үш адам құсты қамыс арасынан абайлап алып шығып, жылытып, тамақтандырып, содан кейін Үшарал қаласындағы ветеринар мамандарға тапсырды. Тексеру барысында аққудың сол жақ қанаты сынғаны анықталды.
«Аққу қанаттарын баяу қимылдатып, көмегі үшін құтқарушыларға алғыс айтқандай болды», – деп таратты ТЖМ.
«112» құтқарушылар үшін «әрбір өмір қымбат» екенін ескертті.