
АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды.
Желдібай Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қою рәсімінде мемлекет басшысы мен Америка президенті арасындағы қысқаша әңгіменің мазмұнына қатысты жазба жариялады.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Давос форумында таратылған «Президент Дональд Трамптың 365 күн ішіндегі 365 жеңісі» деп аталатын ресми құжаттың 177-тармағында Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылғаны жетістік ретінде көрсетілгеніне назар аударды», – дейді ол.
Бұдан бөлек президент Америка көшбасшысына ақыл-парасатқа негізделген ішкі саясатты жүзеге асыруда табыс тілеген.
«Дональд Трамп Бейбітшілік кеңесін құру туралы бастамасына қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты», – деп жазды Желдібай.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды.
Давос форумында «Бейбітшілік кеңесі» таныстырылды. Ұйым жарғысына қол қою рәсіміне Қазақстан президентінен басқа 18 елдің басшылары мен өкілдері қатысты. Олардың арасында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан да бар.