
Жамбыл облысындағы демалыс орнында балалар жаппай уланды. Содан кейін жергілікті полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады.
«Меркі ауданында кәмелетке толмаған балалардың улану фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 304-бабы 1-бөлігі (санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», – деп хабарлады облыс полициясы.
Полиция департаменті қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды.
«Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Жан-жақты әрі объективті тергеп-тексеру нәтижелері бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады», – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасына «Тұран» демалыс орнынан 12-17 жас аралығындағы 22 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілген. Олар Қызылорда облысынан күрестен оқу-жаттығу жиынына барған. Балаларға этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит деген алдын ала диагноз қойылды.
Бұл жағдай 21 қаңтар кешкі сағат 22:40 шамасында болған.