Отбасы банк жуырда «Ұмай» әйелдер ипотекасын іске қосады

Отбасы Банк жуырда «Ұмай» әйелдер ипотекасы іске қосылатынын хабарлады. Әзірге өтінімдерді қабылдау күні белгіленген жоқ. Бұл туралы Kursiv.Media krisha.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған ипотекалық бағдарламаны 2025 жылы іске қосу жоспарланған еді, алайда бірнеше рет кейінге қалдырылып келді.
«Ұмай» бағдарламасының шарттары
Отбасы Банкі бағдарламаның шарттары бұрынғы қалпында қала ма, әлде жаңартыла ма, ол жағын әзірге жарияламады.
Бағдарламаның бұрынғы шарттары:
- Қарыздың максималды сомасы – 50 млн теңгеге дейін;
- Сыйақы мөлшерлемесі – 15%, кейін 5–3,5%-ке дейін төмендеуі мүмкін;
- Бастапқы жарна – ірі қалаларда тұрғын үй құнының 20%-дан, өңірлерде 15%-дан басталады;
- Қарызды өтеу мерзімі – 6 айдан 25 жылға дейін.
Маңызды талап:
Бағдарламаға қатысатын әйелдерде Отбасы Банкінде депозит болуы міндетті.
Сондықтан депозитті қазірден ашу қажет, ал бұрыннан депозиті барлар оны ұдайы толықтырып отыруы керек. Өтінімдер балдық жүйе бойынша іріктеледі, яғни, банктегі депозит бойынша берілетін сыйақы мөлшері неғұрлым жоғары болса, өтінімді іріктеу кезінде соғұрлым көп балл есептеледі.
«Ұмай» бағдарламасына кімдер қатыса алады
- Тек әйелдер – 18 бен 65 жас аралығында.
- Отбасылық жағдай маңызды емес.
- Соңғы 6 айдағы ресми расталған кіріс міндетті.
- Тұрғылықты жеріне қарамастан кез келген өңірден жылжымайтын мүлік сатып алуға болады.
- Қатысушының өз үйі бар-жоғы маңызды емес.
- Өзіңіздің немесе туыстарыңыздың зейнетақы артықшылықтарын пайдалана аласыз.
- Егер жеке кіріс жеткіліксіз болса, екі қосалқы қарыз алушы тартуға рұқсат беріледі.
Айта кетейік, 2026 жылы да бірқатар мемлекеттік бағдарлама жұмысын жалғастырады. Осыған дейін биыл қандай бағдарламалармен баспана алуға болатыны жайлы жазған едік.