
Отбасы Банк «Ұмай» ипотекасының қайта басталатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Банктің баспасөз қызметі «Курсив» редакциясына «Ұмай» әйелдер ипотекасын іске қосатыны туралы хабарламағанын мәлімдеді.
«Қазіргі кезде «Ұмай» ипотекасы туралы ақпарат жоқ, біз оны іске қосатынымызды жариялаған жоқпыз», – деді банк өкілдері.
Айта кетейік, ипотеканы жаңартылған шарттармен қайта іске қосу жоспары 2025 жылдың басында болған, алайда іске қосу екінші жартыжылдыққа кейінге қалдырылған. 2025 жылғы қарашада банк «Ұмай» ипотекасы шарттарын келісу сатысында екенін хабарлаған еді.
Ұмай ипотекасында қандай өзгерістер болуы мүмкін
Осыған дейін хабарланғанымыздай, жаңартылған ережелер бойынша бағдарламаға қатысатын әйелдер тұрғын үйді жаңа және екінші нарықтан сатып ала алады, ал тұрғылықты тіркелген жері маңызды емес.
Бағдарламаның негізгі шарттары:
- Бастапқы жарна – кемінде 20%;
- Қарыздың максималды мөлшері – 30 млн теңгеге дейін;
- Сыйақы мөлшерлемесі – 15,4%-дан басталып, 3,6%-ға дейін төмендеуі мүмкін;
- Қарызды өтеу мерзімі – 25 жылға дейін.
Маңызды талап:
Бағдарламаға қатысатын әйелдерде Отбасы Банкінде депозит болуы міндетті.
Сондықтан депозитті қазірден ашу қажет, ал бұрыннан депозиті барлар оны ұдайы толықтырып отыруы керек. Өтінімдер балдық жүйе бойынша іріктеледі, яғни, банктегі депозит бойынша берілетін сыйақы мөлшері неғұрлым жоғары болса, өтінімді іріктеу кезінде соғұрлым көп балл есептеледі.