
22 қаңтар – Талғардағы төбелес кезінде қайтыс болған Шерзат Полаттың туған күні. Осыған байланысты Threads әлеуметтік желісінде ssmitova атты пайдаланушы Шерзатты еске алып, жазба жариялап, сирек суреттерімен бөлісті.
«18 жасқа толар еді, сол түн болмағанда…» деп жазды ол.
Еске сала кетейік, Шерзат Полат 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні Алматы облысының Талғар қаласында болған жаппай төбелес кезінде қаза тапқан. 16 жастағы жасөспірімнің жүрек тұсына пышақ сұғылып, ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
ІІМ деректеріне сәйкес, дүкен иесімен келіспеушілікке түскен азамат сыртта төбелес бастап, жақтастарын шақыртқан. Соның салдарынан Шерзат Полат және ағасы Нұрқанат соққыға жығылған. Төбелес кезінде жасөспірімге пышақ жарақаты салынған.
Сот процесі
Оқиғадан кейін Шерзат Полаттың отбасы кінәлілер толық ұсталып, әділ сотталуын талап етті. Қоғамда бұл іске қатысты үлкен резонанс туды. 12 қазанда марқұмның отбасының үйі өртеніп, құқық қорғау органдары өрт қасақана жасалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Отбасы қорғауға алынды.
Тергеу барысында барлығы 11 күдікті қамауға алынды. Кей дереккөздер өлімге «Хуторские» деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысы барын жазды, алайда ІІМ бұл топтың ресми есепте тұрмағанын хабарлады.
2025 жылғы 5 маусымда Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты.
Барлығы 9 адамға сот үкімі шықты. Ең көбі Абзал Шынасыл 23 жылға, Равиль Сакиев 20 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал ең азы Думан Ысқақ бір жылға жетпей бостандыққа шықты.
2025 жылдың қазан айында Шерзаттың отбасы жаңа үйге кірді.
Бұған дейін, заңгер Мейірман Шекеев Талғарда Шерзат Полаттың атына көше беруді ұсынған еді.