Жаңалықтар

Alibaba мен Baidu-дың акциялары KASE-де саудаланады

фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Осы жылдың 23 қаңтарынан бастап Alibaba Group Holding Ltd және Baidu, Inc. акциялары Қазақстан қор биржасында саудаланады. Бұл жайлы KASE хабарлады.

Инвесторлар енді компаниялардың америкалық депозитарлық қолхаттарымен (ADR) сауда-саттық жасай алады. Олардың бағасы АҚШ долларымен белгіленеді.

KASE Global алаңында бағалы қағаздар BABAd (Alibaba ADR) және BIDUd (Baidu ADR) деп таңбаланады. Бұл құралдар бойынша маркет-мейкер болып «Standard» инвестициялық компаниясы» АҚ тағайындалған.

«Alibaba мен Baidu америкалық депозитарлық қолхаттарының KASE-де пайда болуы жай ғана құралдар желісін кеңейту емес, бұл – инвесторлар үшін азиялық нарықтардың технологиялық өсімімен үйреншікті инфрақұрылымда, айқын баға белгілеу арқылы тікелей жұмыс істеу мүмкіндігі», – деп атап өтті KASE Басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Ысқақова.

Alibaba Group Holding Ltd – электронды коммерция мен бұлтты технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшы, Alibaba.com мен AliExpress сияқты алып платформаларды басқарады.

Baidu, Inc. – Қытайдағы ең ірі іздеу жүйесі және жасанды интеллект пен автопилот технологияларын дамыту бойынша алдыңғы қатарлы технологиялық алпауыт деп саналады.

Осыған дейін 20 қаңтарда Solidcore Resources plc қарапайым акциялары да Қазақстан қор биржасында (KASE) саудалана бастаған еді.