Жаңалықтар

«Ақтөбе – Ұлғайсын» төрт жолақты жолының құрылысы 2 жылда бітеді

Құрылыс жұмыстары көктемде қайта жанданады / фото: KursivMedia мұрағаты
Құрылыс жұмыстары көктемде қайта жанданады / фото: KursivMedia мұрағаты

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің Қызылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігі тар. Көлік апаттары жиі болып жатады.

Бұл мәселеге Құрылтайда Президент Тоқаев арнайы тоқталып, осы жолды кеңейтуге тапсырма бергенін айтқан еді. Соның нәтижесінде төрт жолақты күре жолдың құрылысы басталады.

«Бұл жаңалыққа әсіресе, алыс сапарда жүретін көлік жүргізушілері мен жол бойындағы елді мекендердің халқы ерекше қуанып отыр. Енді жол азабынан құтылатын күн алыс емес», – деп хабарлады «Қазавтожол» өкілдері.

Ақтөбе мен Ұлғайсын ауылына дейінгі жол бірінші техникалық санатқа сәйкес төрт жолақты болады. Оның алғашқы 28 шақырымы былтыр жыл соңында қолданысқа берілген еді. Құрылыс жұмыстары көктемде қайта жанданады. Жауаптылар төрт жылға есептелген жобаны екі жылда аяқтауды көздеп отыр.

«Қалған учаскенің 262 шақырымы биыл басталады. Одан бөлек, батыс пен шығыстың арасындағы жолды атап өтті. Бұл жол бойынша да «Орталық-Батыс» дәлізі аясында Ырғыз-Торғай-Арқалық» жолы да биыл басталады. Мердігер бар. Карьер, соларды рәсімдеу бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр», – деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Айбол Данағұл.

Айта кететін жайт, Қазақстанда халықаралық стандартқа сай жаңа автожолдар салынады.