Жаңалықтар

Балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу мүмкін бе – мамандар пікірі

Министрлік заң жобасын әзірлеген/фото: shutterstock

Вице-премьер – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева үкімет отырысында елде балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу қарастырылып жатқанын айтты. Сөзінше, министрлік 16 жасқа толмаған азаматтар үшін әлеуметтік желілерде тіркеуге тыйым салуды көздейтін онлайн-платформалар мен БАҚ қызметін реттейтін заң жобасын әзірлеген.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте техникалық жағынан балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына тыйым салу мүмкін емес екенін айтты. Мәселенің шешімі – баланың жасына сәйкес келмейтін контентті қолдануын шектеу.

Депутат халықаралық деңгейде Digital age of majority ұғымы барын, ол баланың әлеуметтік желіні қолдануын шектеу емес екенін айтты.

«Желіге тіркелген кезде «қанша жастасың? 21 жасқа толғансың ба?» деген сұрақтар қойылады. Бірақ бұл тиімсіз тәсіл. Бала «иә, 21 жастамын» деп жаза салады. Қазір ата-анасының аккаунты арқылы тіркелетіндер де бар. Яғни, цифрлық ортада тыйым салу техникалық жағынан толық жұмыс істемейді. Әрбір тыйымның белгілі бір деңгейде ғана әсері болатынын түсіну қажет», – дейді депутат.

Сөзінше, қазір аккаунтты қолданатын адамның бала не ересек екенін анықтау анағұрлым жеңіл.

«Мұндай механизм ірі әлеуметтік желілерде енгізілген. Яғни, адам ересек пе, әлде бала ма – бірнеше күн ішінде жасаған әрекеті арқылы анықтауға болады.

Мәселен, өзімді 50 жастамын деп көрсетемін, бірақ бірнеше күн бойы 12 жастағы бала көретін контентті қарап отырсам, ішкі алгоритмдер бұл аккаунтты бала қолданатынын анықтайды», – дейді Смышляева.

Енді әрі қарай соның негізінде балаға жасына сай контент ұсыну керек.

«Мұндай мәселелер әкімшілік немесе қылмыстық кодекстер арқылы емес, дәл осы ірі платформалардың күшімен, этикалық жолмен шешіледі деп үміттенеміз», – дейді ол.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун мәселе әлеуметтік желі жөнінде ғана емес, түрлі ойынға да қатысты екенін айтты.

«Бір әлеуметтік желіні немесе бір ойынды бұғаттасақ, онда қолданушы басқа ойын мен платформаларға ауысады. Тыйым салу мәселені толық шешпейді. Жастарға арналған платформаларды шектеуге өте мұқият қарауымыз керек. Керісінше, оларды желіні дұрыс пайдалануға үйреткен жөн», – дейді Мун.

Айтуынша, баланың қай әлеуметтік желіде қанша сағат отыратынын ата-анасы бақылауға тиіс.