
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов дезинфляцияның кейбір белгілеріне қарамастан, экономикадағы баға қысымы жоғары болып отырғанын айтты.
Бүгінгі брифингте Тимур Сүлейменов азық-түлік инфляциясы қарқын алып, салық реформасынан және қосымша құн салығындағы өзгерістерден халық пен бизнестің инфляциялық күтімі өскенін мәлім етті. Ал базалық жылдық инфляция әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Осы факторлар бірігіп, инфляцияның тұрақты сипаты мен баға процестерінің инерциясын көрсеткен.
«Елде экономикалық белсенділік жоғары. Халықтың табысы төмендеп, тұтынушылық кредиттеу азайса да, ішкі сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр», – дейді ол.
Ұлттық банк басшысының сөзінше, Қазақстан экономикасы қарқынды өсіп келеді. Жалпы ішкі өнімнің өсімі 6,5% болған. Экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің рөлі сақталып отыр. Жалпы ішкі өнімнің динамикасына көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі және сауда көп үлес қосып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде оң динамика байқалған.
«Табыс және кредиттеу динамикасы уақытша ықпал етіп, инфляция қарқыны табыс көлеміне қысым жасап отыр. Сонымен қатар, кепілсіз тұтынушылық несиелеудің баяулағаны байқалады. Бұл, сөзсіз – оң құбылыс. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша кредиттеу көлемінің өсімі айтарлықтай азайып, жыл басындағы көрсеткіштермен салыстырғанда, 7,3 пайызды құрады», – дейді ол.
Сүлейменов инвестициялық белсенділік жоғары деңгейде қалғанын айтады.
Ұлттық банктің Ақша-несие саясаты комитеті бүгін базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін шығарып, 18 пайыз деңгейінде өзгеріссіз қалдырды.