«Миллиардтарым жоқ»: Сүлейменов декларация жайлы сұраққа жауап берді

Ұлттық банкте өткен баспасөз жиынынан кейін журналистер қаржы регуляторының басшысы Тимур Сүлейменовтен декларация тапсырған-тапсырмағанын сұрады.
Сүлейменов жауабында заң бойынша қажет болса, кез келген ақпаратты тапсыруға әзір екенін айтты.
«Бізде ешқандай шектейтін еш мәлімет жоқ», – деді.
Соған қарамастан тілшілер «Сонда қанша соманы декларация ретінде тапсырғаныңыз есіңізде жоқ па?» деп қайтадан сұрады.
«Біріншіден, жылдық сома көрсетілуі керек. Солай емес пе!? Жеке мүліктер де көрсетілуі керек. Декларация өткен жылы берілген. Егер сұрақтар болса, жазбаша жазыңыздар. Жеке деректер жайлы сұраққа заңға сай жауап беремін», – деді ол.
Журналистер сонда да бастырмалата «Яғни, миллиардтаған табысыңыз есіңізде жоқ па?» деп сұрады.
«Бәрі де миллиард байлыққа ие болғысы келеді. Бірақ, өкінішке қарай, бізде ондай миллиардтар жоқ», – деп жымиып жауап берді Сүлейменов.
Бұған дейін Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов декларациясында өз табысын нөл деп көрсеткен. Ал оның жұбайы 2024 жылы 24,9 млн теңге табыс тапқанын мәлімдеген.
Президент көмекшісі Қуанышбек Есекeeв те жылдық табысын көрсетпеген. Оның жұбайы Мадина Бектұрғанова 48 млн теңге көлемінде кіріс жариялаған.
Президенттің кеңесшісі Алексей Цой да декларациясында нөлдік табыс көрсеткен. Ал жұбайы Жанна Цойдың жылдық кірісі 1 млн теңгені құраған.
Сондай-ақ Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Батыржан Байжұманов табысының болмағанын мәлімдесе, жұбайы 2,6 млн теңге кіріс көрсеткен.
Сонымен қатар вице-министрлер мен дипломаттардың әйелдері де 2024 жылға декларация тапсырған.
Министрлерден тек Серік Жұманғариннің табысы ашық жарияланған. Ал Алматының экс-әкімі, қазір ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқаратын Ерболат Досаев декларациясында 2024 жылы (әкім болып тұрған кезінде) 14 млн теңге табыс тапқанын көрсеткен. Ал жұбайы Гүлнар Досаева сол жылы 2,3 млрд теңге кіріс алған. Бұл туралы Ақорда сайтындағы декларация мәліметінде жарияланған.