Жаңалықтар

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да 18% деңгейінде қалдырды

Ұлтты банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін шығарды / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банктің Ақша-несие саясаты комитеті базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін шығарып, 18% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды.

Өйткені Қазақстанда инфляция әлі де жоғары. 2025 жылы жылдық инфляция 12,3 пайызды құраған. Бұл көрсеткіштің жоғары қалыптасуына азық-түліктің тым қымбат болуы әсер етіп отыр. Әсіресе ет пен май бағасы шарықтап кеткен. Ал коммуналдық қызмет пен жанармай бағасы тұрақты болды. Оған үкіметтің бағаға шектеу қоюы ықпал еткен.

«Инфляциялық үдерістердің серпіні және тәуекелдер теңгерімі Ұлттық Банктің болжамы мен бағалауына сай қалыптасып отыр. Бұл ретте сыртқы сын-қатерлер, салық жүйесіндегі өзгерістердің ықпалы қаншалықты болатынына қатысты белгісіздік, сондай-ақ осы жылғы екінші тоқсаннан бастап ТКҚ тарифтері мен ЖЖМ бағасының қайта өсу параметрлері базалық мөлшерлемені белгілеуде байыпты әрі сақ ұстанымды қажет етеді. Осыған байланысты базалық мөлшерлеменінің 2026 жылғы бірінші жартыжылдық соңына дейін қазіргі деңгейде сақталу ықтималдығы жоғары», – делінген хабарламада.

Базалық мөлшерлеме 2025 жылдың 10 қазанынан бері 18% деңгейінде сақталып келеді. 2025 жылдың наурыз айынан қазанға дейін 16,5% болған.

Сондай-ақ Ұлттық банк инфляцияға қатысты болжамдарын қайта қараған. 2025 жылы инфляция деңгейі 12–13% шамасында болады деп күтілсе, 2026 жылы ол 9,5–12,5% аралығында қалыптасуы мүмкін. Ал 2027 жылдың қорытындысында инфляция бәсеңдеп, 5,5–7,5% деңгейіне дейін төмендеуі болжанып отыр.

Бұған дейін BofA сарапшылары Ұлттық банк теңге бағамы күрт әлсіреген жағдайда ғана базалық мөлшерлемені көтеруі ықтимал деген болжам жасаған. Егер валюталық нарықта айтарлықтай күйзеліс болмаса, реттеуші қатаң саясаттан бас тартуы мүмкін.

«Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы» кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова егер базалық мөлшерлеме 18% немесе одан жоғары деңгейде сақталса, банктер беретін қарыздың пайызы одан әрі қымбаттай түсетінін атап өткен.