Зейнетақы жинағын жеке компаниялардың басқаруына берген қаншалықты тиімді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media

Казақстандықтар арасында жалақысынан төленген зейнетақы жарнасына, қордағы жинағына көп мән бермей, «аса пайдасы жоқ ақша» деген көзқарас болған. Тек 2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) артық ақшаны (яғни жеткіліктілік шектен асқан жинақты) алуға рұқсат берілген соң, халықтың қордағы қаражатқа деген қызығушылығы артты.

Бұл кезде зейнетақы жинағына баспана сатып алу, ипотека қарызын өтеу немесе ем-домға жұмсау туралы ереже күшіне енген болатын. Содан бері «қартайғанда ғана тиесілі» деп саналатын қаражат тұрғын үй мәселесін шешудің, қымбат емге қол жеткізудің нақты құралына айналды. Бес жылда халық зейнетақы қорынан 5,5 трлн теңге шектен асатын қаржысын шешіп алған. Соның 4,55 трлн теңгесі баспана жағдайын жақсартуға, ал 986 млрд теңгесі түрлі ем-домға жұмсалған.

Қазақстандықтар енді зейнетақы шотында қанша қаржы жиналғанын, жектілікті шектен асқан-аспағанын, инвестициялық табысы қандай екенін тексеріп отырады. Алайда басым көпшілік зейнетақы қорындағы қаржы қалай басқарылып, қалай инвестицияланатыны жөнінде біле бермейді.

2025 жылы жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде халық «зейнетақы институттарына ашық сенім білдірмегенімен, айқын сенімсіздік те танытпайтыны» анықталған.

Зейнетақы активтерін кім басқарады

Жоғарыдағы сауалнамаға қатысқан респонденттердің басым бөлігі қордағы қаражаттты БЖЗҚ-ның өзі басқарады деп жауап берген. Алайда зейнетақы қорындағы қаражат Ұлттық банк пен жеке инвестициялық компанияларға сенімгерлік басқаруға берілген. Осы мақалада қандай жеке компаниялар бар, олардың инвестициялық қызметінен түсетін табыс қанша, зейнетақы жинағын солардың сенімгерлік басқаруына қалай беруге болатынын қарастырамыз.

Жалпы, 2025 жылдың нәтижесінде зейнетақы активтері 25,2 трлн теңгеге жетті. `(Бұл ақша бір жылдық бюджетке шамалас қаржы.) Жалпы инвестициялық кірісі 1,8 трлн теңгені құраған. Зейнетақы активтерінің 25,1 трлн теңгесі Ұлттық банк басқаруында, ал 85 млрд теңгеден астамы инвестициялық портфель басқарушыларына (ИПБ) берілген. Қазіргі кезде Қазақстанда зейнетақы активтерін инвестициялаумен айналысатын 5 жеке компания бар. Олар:

  • Alatau City Invest
  • Halyk Global Markets (жақында зейнетақы активтерін басқарудан бас тартатыны мәлімдеді)
  • BCC Invest
  • Halyk Finance
  • «Сентрас Секьюритиз»

2025 жылы Ұлттық банктің басқаруындағы активтерге жалпы 1,77 трлн инвестициялық кіріс түскен. Бірақ салымшылардың шоттарына нақты кіріс мөлшері, яғни олардың жинақтарына түскен табыс инфляцияны ескергенде 7,43%-ды құрады. Ал инфляция былтыр 12,3% болғандықтан, нақты кіріс инфляциядан төмен болып отыр.

Негізі себеп – теңгенің долларға қатысты нығаюы. 1 доллар 525,11 теңгеден 505,53 теңгеге дейін төмендеді. Бұл шетелдік валютадағы активтердің бағасын қайта есептегенде, теріс нәтиже берді.

Қаржы құралдарының нарықтық құнының төмендеуі де әсер еткен. Инфляция мен инфляциялық күтулер өскен сайын ҚР Қаржы министрлігінің шығарған мемлекеттік бағалы қағаздарының нарықтағы құны азайды. Ал бас банк басқаруындағы зейнетақы қаржысының пайызын мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестициялайды.

Инвестициялық порфельді басқарушылардың табысы қандай

Жеке басқарушы компаниялардың басқаруындағы актив көлемі мен олардың инвестициялық табысы төмендегі кестеде көрсетілген:

КомпанияЗейнатақы активтері, млрд тг (01.01.2026)Инвестициялық табыс, млрд тг (соңғы 12 ай)ЗА кірістілігі, % (соңғы 12 ай)
BCC Invest10,60,7149,93%
Halyk Global Markets8,10,6159,45%
Alatau City Invest14,91, 44911,11%
«Сентрас Секьюритиз«4,40,39114,66%
Halyk Finance50,43,38,32%

Жеке басқарушы компаниялардың арасында «Сентрас Секьюритиз» компаниясының инвестициялық табысы жоғары болып, жылдық инвест табысы 14,66 пайызды құраған.

Жеке басқарушы компаниялардың толық тізімі, олардың инвестициялық стратегиялары мен ай сайынғы есептері enpf.kz сайтында ашық жарияланған. Сондықтан шешім қабылдамас бұрын бұл ақпаратпен мұқият танысқан жөн.

Зейнетақы жинағын сенімгерлік басқаруға қалай беруге болады

Қазақстанда әр азаматтың зейнетақы жинағы негізінен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚР ҰБ) арқылы басқарылады. Алайда 2021 жылдан мемлекет салымшыларға өз қаражатын басқаруда таңдау еркіндігін ұсынды. Содан бері зейнетақы жинақтарын тек Ұлттық Банкке сеніп тапсырмай, жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) беруге мүмкіндік бар. Ал 2023 жылғы 1 шілдеден бастап бұл мүмкіндік едәуір кеңейді.

Енді міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражаттың 50%-ына дейін, ерікті зейнетақы жарналарының 100 пайызын
ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беруге болады.

Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру, бір ИПБ-дан екіншісіне ауыстыру немесе қайтадан ҚР Ұлттық Банкінің басқаруына қайтару үшін БЖЗҚ-ға өтініш беру қажет.

Өтінішті:

  • enpf.kz сайтындағы Жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ);
  • немесе БЖЗҚ бөлімшесіне жеке барып, жеке куәлікпен тапсыруға болады.

Жеке кабинетте есепшоттағы қанша қаржыны ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға беруге болатыны автоматты түрде есептеліп тұрады.

Өтініш қабылданғаннан кейін, зейнетақы активтері 30 күнтізбелік күн ішінде тиісті басқарушыға аударылады. Бұл ретте зейнетақы жинақтарының есебі мен инвестициялық табыс бұрынғыдай БЖЗҚ-да жүргізіледі.

ИПБ-ны қаншалықты жиі ауыстыруға болады

Зейнетақы активтері ұзақ мерзімге арналған қаржы болғандықтан, оларды жиі ауыстыру шектелген.

Сондықтан бір ИПБ-дан екіншісіне немесе ИПБ-дан ҚР ҰБ-ның басқаруына
жылына бір реттен артық ауыстыруға болмайды. Мамандар инвестициялық нәтижені қысқа уақыт ішінде емес, орта және ұзақ мерзімде бағалауға кеңес береді.

Айта кету керек, зейнетке шығарға 10 жұмыс күні қалғанда міндетті және міндетті кәсіптік жарналар есебінен жиналған бүкіл қаржы автоматты түрде ҚР Ұлттық Банкінің басқаруына қайтарылады.

2026 жылдан не өзгереді

2026 жылдың 1 қаңтарынан қазақстандықтар өз зейнетақы жинақтарын қалай инвестициялау керектігін өздері таңдай алады. Бұдан былай әр салымшы тек инвестициялық стратегияны таңдайды және сол стратегияны жүзеге асыратын жеке инвестициялық портфельді басқарушыны (ЖИП) таңдайды. Ал нақты қаржы құралдарына кім және қалай инвестиция жасайтыны алдын ала белгіленген.

Салымшыларға қосымша икемділік беріледі: олар тек стратегия мен басқарушыны емес, қай бөлігін басқарушыға тапсыратынын да анықтай алады, ал қалған қаражат Ұлттық банктің бақылауында қалады.

Қазақстандықтарға ұсынылатын үш инвестициялық стратегия бар:

  • Консервативті стратегия – барлық салымшыларға бірден қолжетімді, портфелі ең тұрақты және қауіпсіз активтерден тұрады.
  • Орташа стратегия – тек зейнетке шығуға кемінде 3 жыл қалған салымшылар үшін, себебі уақыт портфельдің мүмкін болатын тәуекелден кейін қалпына келуіне мүмкіндік береді.
  • Тәуекелді стратегия – зейнетке шығуға кемінде 13 жыл қалғандар үшін, мұнда тәуекел жоғары, бірақ ұзақ мерзімді инвестиция арқылы кірістілік те жоғары болуы мүмкін.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін шетелдік компаниялардың акциясына салуға болады. Алайда салуға болатын мөлшер зейнетке шығуға қанша уақыт қалғанына байланысты өзгереді. Кез келген салымшы үшін бастапқыда 30%-ға дейін рұқсат берілген. Егер зейнетке шығуға 3 жылдан көп уақыт болса, шетелдік активтерге салуға болатын шек 60%-ға дейін ұлғаяды. Ал егер бұл мерзім 13 жылдан көп болса, шек 80%-ға дейін жетеді. Осылайша, зейнетке шығуға қанша уақыт қалғанына қарай, халықаралық нарыққа инвестициялау мүмкіндігі кеңейеді.

Басқарушыларға да нақты міндет жүктеледі: егер олар міндетті минималды кірістілік деңгейінен төмен нәтиже көрсетсе, зиянды өтеуге міндетті болады. Сол кезде салымшылар өз стратегиясын дұрыс таңдауда жауапкершілік алады, себебі нарық жағдайы нашар болса, кірістілік төмен болуы мүмкін.

Сондай-ақ қазақстандықтардың жинақтарын басқаруда қолданылатын құралдар тізімі кеңейтілді. Енді жеке басқарушылар Morgan Stanley Capital International All Country World Index (MSCI ACWI) құрамындағы ірі әлемдік компаниялардың акцияларына инвестиция жасай алады, бұл портфельдің халықаралық деңгейде әртараптандырылуына мүмкіндік береді.

Кімдер зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады

Әлеуметтік кодекске сәйкес, I және II топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген азаматтар міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.

Сонымен қатар бұл санаттағы азаматтар өз қалауымен жұмыс берушіге өтініш жазу арқылы зейнетақы жарналарын төлеуді жалғастыра алады. Мұндай жағдайда жарналар БЖЗҚ-ға аударылады және болашақта зейнетақы төлемдерін алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз