Интернетте жеке деректеріңізді қорғау: толық нұсқаулық

Жарияланды
Жеке деректерді қорғау туралы нұсқаулық/фото: shutterstock.com

Қазіргі кезде интернет тек қарым-қатынас пен ойын-сауық алаңы болудан қалды. Бүгінде цифрлық кеңістікте біздің қаржымыз, жұмысымыз, құжаттарымыз, жеке, тіпті биометриялық деректеріміз сақталады. Осыған байланысты жеке ақпарат аса құнды ресурсқа айналды. Оны иеленуге компаниялар мен жарнама платформалары ғана емес, алаяқтар да мүдделі. Сондықтан интернеттегі жеке деректерді қорғау қазіргі заман адамы үшін маңызды мәселеге айналып отыр.

Интернетте жеке ақпараттарды құпия сақтау енді әлеуметтік желілердегі баптаулармен ғана шектелмейді. Бұл кілтсөздерден бастап, интернеттегі тәуекелдерді түсінуге дейінгі кешенді қорғаныс. Деректердің таралуы, фишинг пен интернет-алаяқтық бүгінде жаппай сипат алып отыр, ал оның салдары жақсылыққа апармауы мүмкін. Яғни қаржылық шығындардан бастап, бопсалау сынды қылмысқа дейін.

Жеке деректер алаяқтардың басты назарында

Жеке деректер қазір жай ғана ақпарат емес, алаяқтар үшін тұнып тұрған қазына. Логиндер мен кілтсөздер аккаунттарға иелік етуге мүмкіндік береді, төлқұжат деректері несие рәсімдеуге, ал банк карталарының мәліметтері ақша ұрлауға қолданылады. Тіпті телефон нөмірі мен электрондық пошта сияқты қарапайым ақпараттың өзі фишингтік шабуылдар мен әлеуметтік инженерия үшін пайдаланылады. Адам туралы дерек неғұрлым көп болса, алаяқтар алдау тәсілін соғұрлым дәл құра алады.

Бұл тәуекелдерді цифрлық із де күшейтеді. Қарапайым желі қолданушысы бұрынғы аккаунттарын немесе ескі жазбаларын ұмытуы мүмкін, алайда ақпарат интернетте жылдар бойы сақталады. Тіпті желі кеңістігіне түскен ақпараттарды өшіру өте қиын.

Күрделі кілтсөз – қауіпсіздіктің негізі болып қала береді

Парольдер әлі де ең кең таралған аутентификация әрі қорғаныс құралы болып қала береді, бірақ сонымен бірге ең әлсіз тұсы да осы саналады. Бір парольді бірнеше сервисте қолдану бір ғана деректердің таралуы бірнеше аккаунттың бұзылуына әкелуі мүмкін.

Бұл мәселенің шешімі – пароль менеджерлерін қолдану. Олар логиндер мен парольдерді шифрланған түрде сақтауға және күрделі комбинацияларды автоматты түрде жасауға мүмкіндік береді. Бұл адами факторды азайтып, жеке ақпаратты қауіпсіз барынша сақтауға көмектеседі.

Сонымен қатар екі факторлы аутентификация деген тағы сенімді қорғаныс құралы бар. Ол пароль бұзылған күннің өзінде аккаунтқа заңсыз кіру ықтималдығын едәуір төмендетеді. Бүгінде екі факторлы аутентификация электрондық пошта, банк сервистері мен әлеуметтік желілер үшін бекітілген бірыңғай талап ретінде қабылдануы тиіс.

Киберқауіпсіздік саласындағы сарапшылардың басым бөлігі пароль менеджерлерін пайдалану құпиясөздерді сақтаудың ең қауіпсіз тәсілі екенін растайды. AES-256 шифрлауын (әскери деңгейдегі шифрлау) қолданатын пароль менеджерін бұзу мүмкін емес. Сенімді пароль менеджері нөлдік қолжетімділік (zero-knowledge) қағидаты бойынша жұмыс істеуі тиіс, яғни бағдарламалық қамтамасыз етуді жасаушы да, үшінші тұлғалар да сақталған деректер туралы ешқандай ақпаратқа ие болмауы керек. Сонымен қатар, пароль менеджерінде көпфакторлы аутентификацияны қосу мүмкіндігі қауіпсіздіктің қосымша деңгейін қамтамасыз етеді. Дегенмен деректердің ұрлану қаупі сақталатындықтан, көпшілік пайдаланатын қоғамдық желілерде пароль менеджерін қолдану ұсынылмайды.

Құрылғылар мен желілер: көзге көрінбейтін қорғаныс

Құрылғы немесе желі қорғалмаған болса, ең мықты парольдің өзі деректер қауіпсіздігінің кепілі емес. Операциялық жүйелер мен қосымшаларды уақытылы жаңарту кибершабуылда жиі пайдаланылатын осал тұстарды алдын алады. Антивирус пен кіріктірілген қорғаныс құралдары – цифрлық гигиенаның ең төменгі деңгейі.

Үйдегі Wi-Fi желісінің қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлу қажет. Жеңіл әрі стандартты кілтсөздер, ескірген шифрлау протоколдары және қорғалмаған қоғамдық желілерге қосылу деректердің, соның ішінде құжаттар мен банк ақпаратының таралу қаупін арттырады.

Браузер мен әлеуметтік желілер

Браузер – пайдаланушы мен интернет арасындағы негізгі байланыс көзі. Қауіпсіз браузер мен дұрыс баптаулар деректердің жиналуын азайтып, cookies қолдануды шектеуге және трекерлерді бұғаттауға мүмкіндік береді. Браузердегі қауіпсіздікті қалай баптау керектігін білу жеке өмірдің қорғалуын қамтамасыз етеді.

Әлеуметтік желілер – адамдардың интернет арқылы қарым-қатынас жасауына, ақпарат алмасуына, түрлі посттар жариялауына және қауымдастықтар құруына мүмкіндік беретін онлайн платформалар. Олар жеке байланыстарды нығайтып қана қоймай, білім беру, бизнес, маркетинг, мемлекеттік коммуникация және қоғамдық пікір қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Көп жағдайда желілердің құпиялылық баптауларына мән бермейміз. Ал көпшілікке ерекше «ашық» болу алаяқтардың жұмысын жеңілдетеді. Ашық деректер – фишинг және сенімге негізделген алдау схемалары үшін қолданылады.

Алаяқтық пен фишинг

Фишингтік шабуылдар – әлі де ең кең таралған қауіптердің бірі. Алаяқтар асығыстық, қорқыныш және беделге сену сияқты психологиялық тәсілдерді қолданады. Мұқият болу, дереккөздерді тексеру және күмәнді сілтемелер бойынша өтпеу – басты қағида осы.

Ең маңыздысы ешбір банк немесе мемлекеттік орган электрондық пошта немесе мессенджер арқылы құпия деректерді сұрамайды. Саналы көзқарас пен сақтық – қорғаныстың басты элементтері.

Ұялы телефондар мен бұлтты сервистер

Қазіргі кезде көпшілік интернетке дәл осы ұялы телефон арқылы кіреді. Демек шабуылдардың басты нысанасы да қалтафон. Артық рұқсаттары бар қосымшалар, телефонды жоғалту немесе SIM-картаның бұзылуы қосымша қауіп тудырады.

Барлық сақтық шарасына қарамастан, тәуекелді толық алдын алу мүмкін емес. Ал егер деректер тарап кетсе, не істеу керек? Кілтсөздерді ауыстыру, банк карталарын бұғаттау, екі факторлы аутентификацияны қосу және таныстарды хабардар ету мұның салдарын азайтуға көмектеседі.

Еске сала кетсек, 2025 жылдың қаңтар-маусымы аралығында интернет-алаяқтар қазақстандықтардың 25 млрд теңгеден астам қаржысын жымқырып үлгерген. Бұл соманың тек 895 млн теңгесі қайтарылды. Яғни ішкі істер органдары 24 млрд теңге қаражатты қайтара алмаған. Сондықтан кибергигиена талаптарын сақтау өте маңызды дүние.

Сондай-ақ оқыңыз