
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтарды несие алуға асықпауға шақырды.
Ұлттық банк ғимаратында өткен баспасөз мәслихатында журналистердің бірі Сүлейменовтен ипотекалық несие алғысы келетін азаматтарға қандай кеңес беретінін сұрады. Тимур Сүлейменов жеке инвестиция немесе қаржы саласы бойынша кеңес беру өзіне өте қиын, орынсыз екенін айтты.
«Экономист, қаржыгер ретінде жоғарғы ставка кезінде кішкене тұра тұру керек (ипотека алуға – авт.) Кредит, ипотека алуды кішкене күтіп, шегеру керек. Инфляция төмендеген сайын базалық мөлшерлеме төмендейді. Онымен бірге нарықтық банк ставкалары да төмендейді. Одан кейін ипотека қолжетімді болады. Сол кезде «нормально», болашаққа сенімді түрде ипотека алуға болады. Ставкалар төмендесін», – дейді ол.
Ұлттық банктің Ақша-несие саясаты комитеті бүгін базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін шығарып, 18% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды.