Комиссия, пайыз, тариф: банк туралы жаңа заң нені өзгертті

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстанда қабылданған банк туралы жаңа заң пайыздық мөлшерлемелер мен комиссияларды қатаң реттеуді көздейді.

Заң банктерге тариф белгілеу еркіндігін сақтай отырып, клиент үшін түсініксіз төлемдерге, біржақты өзгерістерге және жасырын комиссияларға нақты шектеу қойып отыр. Заңның 53-бабында қарапайым азаматтар мен бизнес үшін маңызды нормалар бекітілген.

Жаңа заңға сәйкес, банктер пайыздық мөлшерлемелерді, комиссиялар мен тарифтерді өздері белгілейді. Алайда бұл еркіндік заңда көрсетілген нақты шектеулермен реттеледі. Ең басты талап – барлық комиссиялар мен төлемдер ашық әрі алдын ала көрсетілуге тиіс.

Енді банк кредит беру туралы шартта барлық комиссиялар мен қосымша төлемдерді толық жазуға міндетті. Банк келісім жасалғаннан кейін біржақты түрде комиссияны көтере алмайды және жаңа төлем түрлерін енгізуге құқылы емес. Бұл – бұрын жиі сынға ұшыраған «шарт барысында пайда болатын жасырын комиссияларға» тосқауыл.

Заң жеке тұлғалар үшін маңызды тағы бір норманы бекітті. Енді кредитті мерзімінен бұрын жапқаны үшін айыппұл салуға тыйым салынады. Яғни азамат банк қарызын ертерек қайтарса, ешқандай комиссия, өсімпұл немесе айыпақы төлемейді. Бұл талап кәсіпкерлікпен айналыспайтын жеке тұлғаларға толық қолданылады.

Сонымен қатар банктер жеке тұлғаларға кредит берер алдында балама шарттарды ұсынуға міндетті. Клиент не тек пайызды, не пайыз бен комиссияны бірге қамтитын нұсқалардың бірін таңдай алады. Таңдалған шарт міндетті түрде келісімшартта көрсетілуге тиіс.

Тағы бір маңызды шектеу – банк кредитке байланысты шот жүргізгені немесе ақшаны шотқа аударғаны үшін комиссия ала алмайды. Бұл талап қарапайым қарыз алушылардың шығынын азайтуға бағытталған.

Пайыздық мөлшерлемелер де қатаң реттеледі. Банк клиентке кредит ұсынғанда пайызды жылдық тиімді мөлшерлеме ретінде, яғни нақты құнын көрсетіп жариялауы керек. Бұл көрсеткіш заңмен белгіленген шекті мөлшерден аспауға тиіс. Мұндай тәсіл әртүрлі банктердің ұсынысын салыстыруды жеңілдетеді.

Банк тұрақты пайыздық мөлшерлемені жеке тұлғаға қатысты өз бетінше көтере алмайды. Ол тек төмендетілуі мүмкін немесе тараптардың келісімімен ғана өзгертіледі. Ал пайызды өсіру тек белгілі бір мерзім өткен соң және клиенттің келісімімен жүзеге асады.

Комиссиялар мен тарифтер бойынша да ашықтық күшейтілді. Банктер төлемдер мен аударымдар үшін комиссияны өсіретін болса, жеке тұлғаларды кемінде үш ай бұрын, ал бизнес пен кәсіпкерлерді бір ай бұрын хабардар етуге міндетті.

Айта кетейік, бұған дейін елде банк ашудың талаптары жайлы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз