«Тәуекел бар»: Сүлейменов «Бәйтерек» тарататын 8 трлн теңге несие жайлы ойын айтты

«Бәйтерек» холдингі экономиканың нақты секторына несиелеуге 8 трлн теңге бөлгелі отыр. Бұл елдегі инфляцияны күшейтпей ме? Бұл сұрақ бүгінгі брифингте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке қойылды.
«Өте дұрыс сұрақ. Біз баяндамамызда бұл жағдай – тәуекелдердің бірі екенін атап өттік. Қазір бұл несиелеу фактор емес, бірақ соған айналуы әбден мүмкін. Республикалық бюджет тарапынан саясат күшейеді: трансферт азаяды, бюджет дефициті азайып, салықтар шегі көтеріледі. Бюджет бейтарап жағдайға көшеді. Ал егер квазиынталандыру тетіктерімен дұрыс жұмыс істемесе, яғни бір қалтаны тігіп тастап, екіншісін сөгіп тастасақ – бұл жағдайға жол бермеу керек. Үкіметтегі әріптестер мұны жақсы түсініп отыр», – дейді Ұлттық банк басшысы.
Тимур Сүлейменовтің сөзінше, егер «Бәйтеректің» ақшасын экономикаға шаша берсе, инфляция күшейеді.
«Бізде бірлескен алаңдар бар, бір жақсысы. Сол себепті осы мәселелерді терең талдап, бүкіл қоғамның, экономиканың міндеті саналатын – инфляцияны азайту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сондықтан, бұл бағытта үйлесім бар. Осы жағдайдың проинфляциялық факторға айналуына жол бермейміз деп ойлаймын», – деді ол.
Кәсіпкерлікті қолдау, негізгі ұлттық және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін «Бәйтерек» холдингі бұған дейін 8 трлн теңге бөлетінін хабарлаған еді. Жобалардың ең үлкен инвестициялық пулы Қазақстанның даму банкінде шоғырланған. Биыл 2,2 трлн теңгеге 66 жоба жүзеге асырылады. Инвестиция салынған негізгі салалар – көлік, логистика және байланыс (34%), металлургия (19%), химия өнеркәсібі (12%). Жобалардың барлығына қаржы бөлінген соң, ел экономикасына жаңа өндіріс, тауар мен қызмет түрінде 37,8 трлн теңге мөлшерінде салым түсіріледі.
Президент қабылдауында болған холдинг басшысы Рүстем Қарағойшин холдинг тарапынан экономиканы қолдаудың жиынтық көлемі 9 трлн теңгені құрағанын хабарлаған. Бұл қаражат кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіптік кешенді, тұрғын үй құрылысын және ипотекалық несиелеуді дамытуға бағытталған.