«Ұлттық қор – балаларға»: есепшотқа биыл қанша ақша түседі

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Business News бөлімінің редакторы
Фото: Kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанның Ұлттық қоры 2025 жылы 15 пайыз табыс алып, рекорд жаңартқан. Соның есебінен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 18 жасқа дейінгі әр баланың есепшотына 130 доллардан түседі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қазір қорда 87 млрд доллар қаржы жинақталған. Осы активтің жылдық 15 пайыз табыс алуы – Ұлттық қор тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.

2024 жылғы 1 қаңтардан «Ұлттық қор – балаларға» жобасы басталды. Соған сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалардың есепшотына аударылады.

2024 жылы Ұлттық қордың 2023 жылғы инвестициялық табысынан әр балаға 100 доллардан аударылған. Ал былтыр 2024 жылғы табыс есебінен Ұлттық қордан әр балаға 129 доллардан түсті.

Осы бағдарлама аясындағы кезекті төлем балалардың есепшотына 2026 жылғы 1 ақпанынан кешіктірілмей аударылады.

2025 жылы Ұлттық қорға 10,2 трлн теңге түскен. Алайда бюджет тапшылығын жабу үшін былтыр 5,25 трлн теңге алынған. Сонымен қатар қорды басқаруға және жыл сайынғы сыртқы аудитті жүргізуге 54 млрд теңге жұмсалған. Нәтижесінде қор активтері бір жылда шамамен 4,9 трлн теңгеге өсіп, 39,6 трлн теңге болды.

Сондай-ақ оқыңыз