Жаңалықтар

Юлия Путинцева алғаш рет Australian Open турнирінің төртінші айналымына шықты

Юлия Путинцева выиграла третий матч на АО-2026
фото: auopen.com

Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева (WTA №94) Australian Open–2026 турнирінің үшінші айналымында аса тартысты матчта Түркия өкілі Зейнеп Сенмезді (№112) жеңіп, алғаш рет жарыстың төртінші кезеңіне жолдама алды. Кездесу 6:3, 6:7 (3:7), 6:3 есебімен аяқталды.

Түрік теннисшісі қуатты әрі атлетикалық ойын көрсетті. Кездесудің көп бөлігінде екінші номермен ойнауға мәжбүр болған Путинцеваға оңай болған жоқ. Кездесу 2 сағат 34 минутқа созылды.

Төртінші айналымда Юлия Путинцева италиялық Жасмин Паолини (№8) мен америкалық Ива Йович (№27) арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан құрамасы жекелей сында үш теннисшіден айырылды. Бұған дейін Дмитрий Попко мен Зарина Дияс, кейін Александр Шевченко Australian Open–2026 турнирімен қоштасты.

Мельбурндегі жарысты Юлия Путинцевадан бөлек, Елена Рыбакина, Александр Бублик және Анна Данилина (жұптық және микст санатында) жалғастырып жатыр.