Жаңалықтар

Энергетикалық сусын ішетіндер көбейді: әлем елдерінде қандай шектеулер бар

Это изображение имеет пустой атрибут alt; его имя файла - energetik-1024x576.webp
Фото: shutterstock

Әлемдік энергетикалық сусындар нарығы қарқынды өсіп келеді. Fact.MR деректеріне сәйкес, 2020–2025 жылдар аралығында нарық көлемі 38,9%-ға ұлғайып, 87,8 млрд долларға жеткен. Сарапшылар алдағы он жылда бұл көрсеткіш шамамен 170 млрд долларға дейін өседі деп болжайды. Нарықтың дамуына электронды сауда, табиғи құрамдағы жаңа өнімдер және ірі өндірушілердің белсенді маркетингі ықпал етуде.

Алайда энергетикалық сусындардың кең таралуы қоғамдық денсаулық сақтау саласының алаңдаушылығын күшейтті. Мамандардың айтуынша, кофеин мен қант мөлшері жоғары мұндай сусындарды шамадан тыс тұтыну жүрек-қан тамыр ауруларының, қант диабетінің, семіздік пен психикалық бұзылыстардың қаупін арттырады.

Осыған байланысты көптеген дамыған елдерде энергетикалық сусындарды балалар мен жасөспірімдерге сатуға шектеулер енгізілген. Кейбір мемлекеттерде жарнамаға қатаң талаптар қойылса, Австралия сияқты елдерде тек қаптамада ескерту жазу міндеттелген. АҚШ-та энергетикалық сусындарға қатысты бірыңғай федералдық тыйым жоқ, реттеу жекелеген штаттар деңгейінде жүзеге асырылады.

Қазақстанда қалай бақыланады

Қазақстан бұл бағытта ең қатаң талап қойған елдердің қатарына жатады. Елде энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынған. 2025 жылдың қараша айынан бастап талапты бұзған кәсіпкерлерге 30-дан 400 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Заң 2025 жылдың қаңтарында күшіне енгенімен, жауапкершілік тетіктері жыл соңында ғана толық іске қосылды.

Ресми статистикаға сәйкес, 2025 жылдың желтоқсанында энергетикалық сусындар мен өзге де шектеулі тауарларды сатуға қатысты бар болғаны төрт құқық бұзушылық тіркелген. Алайда сарапшылар көрсеткіш нақты жағдайды толық ашпайтынын айтады. Жастар көбіне энергетикалық сусындарды ересектер арқылы немесе шағын дүкендерден сатып алады.

Коммерциялық зерттеулер де тұтыну деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Research Central Asia мәліметінше, 2024 жылы ірі қалалар тұрғындарының 27%-ы энергетикалық сусындарды тұтынған. Респонденттердің 72%-ы оларды кемінде аптасына бір рет ішетінін айтса, 8%-ы энергетиктерді күнделікті тұтынады. Ең белсенді тұтынушылар 15–34 жас аралығындағы жастар.

Сарапшылардың пікірінше, нарық алдағы жылдары да өсімін жалғастырады. Бұл жағдайда энергетикалық сусындардың қолжетімділігі мен халық денсаулығын қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау басты мәселе болып қала бермек.

Осыған дейін «Курсив» тілшісі «Zigi-Zagi», Dizzy мен Gorilla-ның артында кім тұрғанын зерттеп көрген болатын. Толығырақ сілтемеге өтіп танысуға болады.