
Отбасы банк салымшылары мемлекеттік сыйақыны 2026 жылғы 1 наурызға дейін алады. «Тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы» заңға сәйкес, бұл төлемді жүзеге асырудың соңғы мерзімі.
Отбасы банк түсіндіріп өткендей, мемлекеттік сыйақы есептелетін нақты күн әзірге белгіленбеген. Белгілісі төлем ақпан айында жүргізіліп, барлық салымшыға бір мезгілде аударылады.
Салымшыларға қанша сыйақы төленеді
2025 жылы үшін мемлекеттік сыйақының ең жоғары мөлшері – 157 280 теңге болды.
Бұл соманы жыл ішінде депозитін кемінде 200 АЕК-ке (786 400 теңге) толықтырған салымшылар алады.
Яғни, жылдық ең жоғары мемлекеттік сыйақыны алу үшін депозитті кемінде 200 АЕК көлемінде толықтыру қажет.
2026 жылғы мемлекеттік сыйақы
2026 жылы АЕК мөлшері 4325 теңге болады. Соған сәйкес, мемлекеттік сыйақының ең жоғары сомасы 173 000 теңгеге дейін өседі.
Бұл қаражатты салымшылар 2027 жылдың көктемінде алады, ол үшін 2026 жыл бойы депозитін кемінде 865 000 теңгеге толықтыру қажет.
Егер депозит бойынша бір жыл ішінде жаңа толықтырулар болмаған болса, сондай-ақ осы қаражатқа бұрын мемлекеттік сыйақы есептелген болса, онда мемлекеттік сыйақы қайтадан есептелмейді.
Салымшының бірнеше депозиті болған жағдайда да, мемлекеттік сыйақы тек бір депозитке төленеді. Сондықтан депозиттерді отбасының әр мүшесінің атына, мысалы, ата-аналар мен балаларға ашу тиімді. Бұл жағдайда әрқайсысы мемлекеттік сыйақы алады.
Еске салсақ, жуырда Отбасы банк үй кезегінде тұрған азаматтар үшін маңызды шешім қабылдады. Енді кезекте тұрған адам тұрғын үйде үлесі болғанына қарамастан, жеңілдетілген ипотека рәсімдей алады немесе жалдамалы тұрғын үй ала алады. Тұрғын үйдегі үлесі үшін оны кезектен шығармайды.