
21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты жаңа деректер белгілі болды. Шымкенттік экс-полиция қызметкері заңгер Айгүл Орынбекке сұхбат беріп, істің мән-жайына қатысты өз нұсқасын айтты. Сөзіне сенсек, Нұрайды алып қашқан кезде олар бәрін заң аясында жасаған. Бірақ кейіннен қоғамда резонанс туындап кеткен соң, өзі және бірқатар басшысы жұмыстан қуылған.
Заңгер Айгүл Орынбекке бұрынғы полиция қызметкері Әбілғазы Бақтыбайұлы сұхбат берді. Нұрай Серікбайды Шерхан Аймахан алып қашқан күні полиция шақырылған кезде қызмет бабымен сол үйге барған.
«2025 жылғы 5 қазанда тәуліктік кезекшілікке түстім. 102-ге «Қыз алып қашу» дерегі бойынша қоңырау түскесін шақыртумен бардық. Хабарлама қыздың ағаларынан келіпті. Оқиға орнына бардық. Той болып жатыр екен. Үйге кірдім, бір бөлмеде Нұрай отырды. Мән-жайды сұрадым», – дейді аға лейтенант.
Полицияға Нұрай Серікбай Шерханмен үш айдан бері таныс екенін, кездесіп жүргенін айтқан. Бақтыбайұлының айтуынша, алып қашуға қатысты ойын сұрағанда да Нұрай «Алматыдан Шымкентке шығарда өзара келіскенін, отбасы құрамыз» деп шешкенін айтыпты.
«Бізді қоқысқа лақтырғандай шығарып жібере салды»
Экс-полиция қызметкері сөзіне дәлел ретінде сол кезде түсірілген видеоны ұсынды. Бұл бейнежазбаны қыз алып қашқан күні туыстардың бірінен алған. Кадрларда машинадан түсіп, орамал салған сәттер бар.
«Үйде тойға дайындық болып жатқан соң у-шу болды. Содан қыз бен жігітті РОВД-ға алып кетейін дедім. Мән-жайды жеке-жеке сұрадым. Екеуі де ерікті болғанын айтты. Түсіндірме алып, Нұрайдың арыз-шағымы жоқ екенін айтқанын видеоға түсіріп алдым», – деп айтып, сол күні өзі түсірген бейнежазбаны көрсетті полиция қызметкері.
Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне Нұрайдың еркімен келгенін айтқан видеосын жариялауды ұсынған. Бірақ ол тарап салуға рұқсат бермеген.
«Не себепті олай еткенін білмеймін. 8-9 жыл өмірімді қызметке арнадым. Енді халық арасында осындай резонанс туған кезде бізді себепсіз, қоқысқа лақтырғандай шығарып жібере салды. 2026 жылғы 20 қаңтарда Ішкі істер министрінің бізге қатысты бұйрығы шығып, мені және бірнеше басшыны жұмыстан шығарды. Неге Қауіпсіздік департаменті бізді қорғамайды? Бізді жұмыстан шығарып тастады, үстімізден іс қозғады», – деп ренішін білдірді Әбілғазы Бақтыбайұлы.
«Әрбір шудың артында бір «Дирижер» тұратынын ұмытпау керек»
Айгүл Орынбек парақшасына былай деп жазды: «Әрбір оқиғаға баға эмоциямен емес, қылмыстық істің нақты мән-жайына байланысты беріледі. Орын алған қайғылы жағдайды Нұрайды алып қашу оқиғасымен күштеп байланыстыру – құқықтық тұрғыдан да, адамдық тұрғыдан да қате. Істі зерделегенде, Нұрайдың әлгі жігітпен шамамен үш айдай қарым-қатынаста болғанын білдім. Нұрай-өз әрекетіне жауап бере алатын, 21 жастағы ересек адам. Шерханның үйіне де ешкім сүйреп алып бармаған, өз аяғымен барған. Алайда ата-анасы қарсы болған соң, олардың разылығын алғанға дейін жігіттен бас тарту туралы шешім қабылдаған. Полиция қызметкерлерінің түсіндірмелерін тыңдадым, ұсынылған бейнежазбалардың барлығын көріп, іспен толықтай танысып шықтым. Қанша жерден айқайласаңдар да, қанша жерден «қоғам дүр сілкінді» десеңдер де, бұл жағдайда Қылмыстық кодекстің 125-1-бабының құрамы жоқ. Іс резонанс тудырды екен деп, «еркінен тыс некеге тұру» бабымен қылмыстық істі заңсыз тіркей салу – құқық қорғау емес, құқықты аяққа таптау. Заңды эмоциямен емес, нормамен қолданыңдар! Әрбір шудың артында бір «Дирижёр» тұратынын ұмытпау қажет!».
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін полиция қызметкерлерінің үстінен ІІМ салғырттық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағанын жазған едік.