Жаңалықтар

KEGOC: Атырау мен Маңғыстауда электр энергиясын таратуда шектеу жоқ

KEGOC компаниясы мәлімдеме жасады / Фото: shutterstock

KEGOC компаниясы Атырау және Маңғыстау облысында электр энергиясын беруге шектеу қойылды деген ақпаратты жоққа шығарды. Компанияның мәліметінше, тұрғындар мен өндірістік кәсіпорындарға энергия толық жеткізіліп тұр.

KEGOC өкілдері нақтылағандай, уақытша шектеу тек цифрлық майнингпен айналысатын жекелеген компанияларға ғана қолданылған. Бұл шаралар Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.

«Шектеулер тек Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында цифрлық майнингпен айналысатын компанияларға ғана енгізілді», – делінген хабарламада.

Осыған дейін бірқатар жергілікті ақпарат көздерінде өңірде электр энергиясын өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты шектеу енгізілгені туралы хабар тараған еді.

Соған байланысты Атырау қаласында 23–30 қаңтар аралығында коммуналдық қызметтердің балансындағы түнгі көше жарығы кешкі сағат 21:00-ден бастап қосылатыны айтылған.

18 қаңтарда Теңіз кен орнындағы трансформатордан өрт шығып, мұнай өндірісі уақытша тоқтаған. Энергетика министрлігі осы апатқа байланысты комиссия құрды.