АҚШ-тың 18 штатында төтенше жағдай жарияланды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
АҚШ-тың 18 штатында төтенше жағдай жарияланды / Фото: Global Look Press

АҚШ-та соңғы жылдардағы ең қуатты қысқы дауыл күшейе түсіп, елдің бірқатар аймағында өмір ырғағын күрт өзгертті. Қолайсыз ауа райына байланысты көптеген штатта төтенше жағдай режимі жарияланып, мыңдаған әуе рейсі тоқтатылды.

ABC News мәліметінше, дауылдың жақындауына байланысты АҚШ-тың 18 штатында төтенше жағдай енгізілген.

Олардың қатарында Алабама, Арканзас, Делавэр, Джорджия, Канзас, Кентукки, Луизиана, Мэриленд, Миссисипи, Миссури, Нью-Джерси, Нью-Йорк, Солтүстік Каролина, Пенсильвания, Оңтүстік Каролина, Теннесси, Техас және Вирджиния бар. Сондай-ақ төтенше жағдай режимі Вашингтон қаласында да жарияланды.

Ауа райының күрт нашарлауына байланысты билік пен жұмыс берушілер қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге көшіріп жатыр. Тұрғындарға жолға шықпау, мүмкіндігінше үйлерінде болғаны дұрыс деген ескерту жіберілді.

Осыған байланысты халық азық-түлік, ауызсу және алғашқы қажетті тауарларды алдын ала сатып алуып жатыр.

Associated Press агенттігінің дерегіне сәйкес, демалыс күндеріне жоспарланған 8 мыңнан астам әуе рейсі тоқтатылған. Дауыл электр энергиясының жаппай өшуіне және негізгі автомагистральдардағы қозғалыстың қиындауына қауіп төндіріп отыр.

Коммуналдық қызметтер жарықтың үзілуіне дайындық жұмыстарын күшейткен. Мұз басқан электр желілері дауыл басылғаннан кейін де үзіліп кетуі мүмкін. Кейбір өңірлерде желдің әсерін ескергендегі ауа температурасы –40 градусқа дейін төмендеген.

Сондай-ақ оқыңыз