Құрылтай реформасы: жұмыс тобының ұсыныстары қандай?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Жұмыс тобы бірнеше ұсыныс ензізген / Фото: Конституциялық реформаның ресми телеграм-арнасы

Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы конституциялық реформаны іске асыру барысында бірқатар маңызды ұсыныс енгізген. Осы өзгерістер Парламент құрылымын жетілдіру, сайлау жүйесін реформалау және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин мәлімдеді.

1. Құрылтайдағы депутат саны
Жұмыс тобы мүшелері Құрылтайдағы депутат саны мәселесін жан-жақты талқылаған. Мақсат – кәсіби әрі тиімді Парламент құру. Осыны ескере отырып, Құрылтайда 145 депутат болу керек деген ұйғарымға келді.

2. Депутаттарға қойылатын талаптар
Құрылтайға депутат болуды қалайтын азаматтарға қойылатын талаптар жөнінде де пікірталас болды. Қазіргі заң бойынша Мәжіліс депутаты болу үшін азамат 25 жастан асқан болуы және соңғы 10 жылда елде тұрақты тұруы тиіс. Жұмыс тобы бұл талаптарды Құрылтайға да қолдануды ұсынды. Сонымен бірге қосымша талаптар конституциялық заңдарда айқындалуы мүмкін.

3. Сайлау жүйесі
Жұмыс тобы Құрылтай депутаттарын сайлауда толығымен пропорционалды жүйеге көшуді бірауыздан қолдаған. Бұл Мемлекет басшысының Жолдауында көтерген бастамасына сәйкес келеді. Президент сайлауды партиялық тізім бойынша өткізу әлемдік тәжірибеде кең таралғанын атап өтті.

Ерлан Қарин бұл жүйе партиялардың кадрлық саясатын дамытуға, институционалдық рөлін арттыруға және саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік беретінін айтты.

4. Депутаттардың өкілеттілік мерзімі
Құрылтай депутаттарын бес жыл мерзімге сайлау ұсынылды. Мемлекет басшысы бұл кезең сайлау науқандарының жиілігі тұрғысынан тиімді болатынын айтты.

5. Заң шығару үдерісі
Бір палаталы Құрылтайда заң жобаларын үш оқылымда қарастыру форматы енгізіледі. Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны анықталады, үшінші оқылым заңнамалық дұрыстығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Парламент болмаған кезде заң шығару функциясы Президентке жүктеледі.

6. Квоталар
Президенттік квота енгізілмейді, яғни арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмайды. Әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған партиялық квота сақталады. Барлық квота мәселелері конституциялық заңдар деңгейінде шешіледі.

7. Президент институты және дауыс кворумы
Жұмыс тобы қазіргі Конституциядағы 47-баптағы рәсімдерді Құрылтай моделіне бейімдеп сақтау ұсынылды. Бұл тепе-теңдік және тежемелік механизмдерді сақтауға мүмкіндік береді.

8. Негізгі мемлекеттік органдар құрамын жасақтау құзыреті
Бір палаталы Парламентке көшу аясында Конституциялық сот, Жоғары аудиторлық палата және Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін тағайындау құзыреті Құрылтайға берілмек Сонымен қатар, Жоғары соттың барлық судьяларын сайлау құзыреті Құрылтай депутаттарына жүктеледі.

«Бұл билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту және ұлттық парламентаризмді дамыту жолындағы маңызды қадам», – деп атап өтті Қарин.

Бұған дейін жұмыс тобының отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформаның талқылана бастағанына жарты жыл болғанын мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз