Мұнай экспортында қиындық: Қашаған мұнайы алғаш рет ішкі нарыққа бағытталды

Қашаған кен орнынан өндірілген мұнай алғаш рет ішкі нарыққа жөнелтілді. Бұл туралы салалық дереккөздерге сілтеме жасаған Reuters агенттігі хабарлады.
Мұндай шешімге келуге Каспий құбыр консорциумы (КҚК) айналасындағы ахуал себеп болды. Экспорттық бағыттарда туындаған белгісіздік өндірушілерді мұнай жеткізу арналарын әртараптандыруға мәжбүр етті.
Соның нәтижесінде, бұрын түгелдей дерлік шетелге шығарылып келген кашағандық жеңіл мұнай отандық өңдеу зауыттарына бағыттала бастады.
Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» компаниясы КҚК-ға тәуелділікті азайту мақсатында «Баку – Тбилиси – Джейхан», «Атырау – Самара» секілді балама маршруттар арқылы экспортты арттырғанын мәлімдеген еді. Алайда қазіргі жағдайда ішкі нарықты қамтамасыз ету де күн тәртібіне шықты.
Сарапшылардың айтуынша, Қашаған мұнайының ішкі нарыққа бағытталуының тағы бір маңызды себебі – жеңіл мұнай өнімдерінің шығымын арттыру.
Әсіресе, азаматтық авиация мен энергетика саласы үшін аса қажет керосин секілді өнімдердің көлемін ұлғайту көзделіп отыр. Жеңіл әрі сапалы мұнай бұл міндетке барынша қолайлы.
Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан мен Ресей, сондай-ақ бірқатар ірі халықаралық мұнай-газ компанияларының қатысуымен құрылған халықаралық жоба. Ұзындығы 1500 шақырымнан асатын магистральды құбыр арқылы тасымалданатын мұнайдың басым бөлігі Қазақстан кен орындарында өндіріледі.