Жаңалықтар

Қазақстан мен Моңғолия тауар айналымын 500 млн долларға жеткізбек

Қазақстан мен Моңғолия сауда байланысын арттырады / Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан мен Моңғолия екіжақты тауар айналымын $500 млн-ға дейін арттыруды көздеп отыр. Бұл мақсат ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Хассуурийн Ганхуягтың кездесуі барысында нақтыланды.

Тараптар сауда-экономикалық әріптестікті қазақ-моңғол байланысының басты тірегі ретінде қарастыратынын жеткізді. Мемлекет басшылары қойған орта мерзімді мақсат – екіжақты тауар айналымын $500 млн-ға жеткізу. Бұл межеге жеткізу номенклатурасын кеңейту, кооперациялық жобаларды дамыту, сондай-ақ сауда және әкімшілік кедергілерді кезең-кезеңімен жою арқылы қол жеткізу жоспарланып отыр.

2025 жылғы қаңтар–қараша айларының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы $121,5 млн-ды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5,5%-ға өскен.

Оның ішінде Қазақстан экспорты $113 млн-ға, импорт көлемі $8,6 млн-ға жетті. Қазақстаннан темекі өнімдері, рапс тұқымы, нан-тоқаш және кондитерлік бұйымдар, тамақ өнімдері, майлы дақылдар, сондай-ақ қозғалтқыштар мен машина жасау өнімдері экспортталады. Ал Моңғолиядан ет пен ет өнімдері, кашемир, аяқ киім, кілемдер мен жүннен жасалған бұйымдар импортталады.

Тауар айналымын одан әрі ұлғайту мақсатында қазақстандық тарап Моңғолияға сауда миссиясын жіберуді жоспарлап отыр.

Бұл қадам тікелей іскерлік байланыстар орнатуға, сондай-ақ Қазақстандағы индустриялық және еркін экономикалық аймақтардың мүмкіндіктері мен экспорттық әлеуетін таныстыруға бағытталмақ.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың жоғары әлеуеті де ерекше аталды. Тараптар қазақстандық аграрлық өнім экспортын арттыру, Моңғолия аумағында бірлескен өндірістерді іске қосу, ветеринариялық вакциналарды жеткізу мәселелерін талқылады.

Қазақстанға жылқы етінің 60%-ы Моңғолиядан келеді.Жалпы импорт көлемінің 60%-ы осы елге тиесілі. Жылдық өсім 3,6 есе болды. 2022 жылы да Моңғолия осындай көлемде ет импорттаған.